CPJ Қырғызстан билігін қамаудағы журналистерді босатуға шақырды

Журналистерді қорғаумен айналысатын халықаралық комитет (CPJ) Қырғызстанда ұсталған сегіз тәуелсіз журналистің жағдайына алаңдайтынын мәлімдеді.

13 наурызда Бішкектің Бірінші Май аудандық соты Temirov LIVE директоры Махабат Тәжібекқызын, басылымның қазіргі және бұрынғы қызметкерлері Айка Бейшекееваны, Азамат Ишенбековты, Сайпидин Сұлтаналиевты, Ақтілек Қапаровты, Тыныстан Асыпбековты, Джоодар Бузумовты, Мақсат Тәжібекұлын қамауда ұстау мерзімін екі айға ұзартты.

Оған қоса сот Temirov Live арнасының журналисі Сапар Акунбеков пен оператор Ақыл Орозбековті үйқамаққа, ал жобаның бұрынғы жетекшісі Жұмабек Тұрдалиевті елден шығуға тыйым салып, бостандыққа шығарды.

Ұйым осы жағдайға алаңдайтынын айтып, Қырғызстан билігі Temirov LIVE телеканалының журналистерін тез арада босатып, тәуелсіз басылымдарды қуғындауды тоқтату керек екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, 16 қаңтарда Қырғызстан ІІМ Temirov LIVE зерттеу жобасының бұрынғы және қазіргі 11 журналисін ұстаған. Келесі күні, 17 қаңтарда Бірінші май аудандық соты ұсталғандардың бәрін Бішкектің тергеу изоляторына екі айға қамады.

Factcheck.kz