Азаттық 2023 жылды “Журналистер жапа шеккен жыл” деп атады

“Азаттық Радиосы” кейінгі бір жылда елде болған оқиғаларды шолып шықты. Нәтижесінде 2023 жылды “Журналистер жапа шеккен жыл” деп атады.

Басылымның хабарлауынша, былтыр Қазақстанда журналистерге көп шабуыл жасалған: тәуелсіз сайттар бұғатталған, журналистер қоқан-лоқыға ұшыраған, олардың жеке мәліметтері рұқсатсыз тарап кеткен, көліктерін өртеген және басқа да жеке мүлкін бұзған.

“Elmedia YouTube-арнасының кеңсесіндегі есікті сындырып кетті, журналист Динара Егеубаеваның көлігін өртеп жіберді, одан кейін біраз уақыт өткен соң оның ұлына шабуыл жасады, UlysMedia сайтын бұзып, интернетте сайттың бас редакторы Самал Ыбыраева мен оның отбасы мүшелерінің жеке деректерін таратып жіберді, журналист, “Гиперборей” YouTube-арнасының авторы Вадим Борейконың пәтерінің есігін монтаж көбігімен бітеп тастады және Борейкомен бірге жұмыс істеген видеооператор Роман Егоровтың екі көлігін бірдей өртеп жіберді”, – деп жазды редакция.

Оған қоса мақалада тәуелсіз басылымдардың сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларына DDoS-шабуыл жасалғаны жазылған.

“2023 жылы желтоқсанда ProTenge, Kursiv.Media және КазТАГ сияқты бірқатар қазақстандық медиаресурс ауқымды хакерлік шабуылға тап болды. Аталған медианың сайттарына ғана емес, әлеуметтік желідегі парақшаларына да шабуыл жасалды. Мәселен, Kursiv.Media-ның Telegram-арнасына аз уақытта 90 мыңға жуық бот жазылған. Ал қаржы туралы ақпарат тарататын, тек қана әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істейтін ProTenge-нің Instagram-аккаунты біраз уақытқа бұғатталып қалды”, – деп жазды Азаттық.

Сонымен қатар онда былтыр мәжіліс мақұлдаған “Масс-медиа” туралы заң жобасы туралы да айтылған. Оған қарсы болған журналистер мен құқықорғаушылар заң жобасының мәтіні журналистердің құқығын қорғамайтынын, керісінше халықаралық стандарттарға қайшы екенін, сөз еркіндігін шектейтінін мәлімдеген.

Айта кетейік, 2023 жылы “Шекара білмейтін тілшілер” ұйымының сөз еркіндігіне қатысты рейтиңінде Қазақстан бірден 12 позиция төмендеп, 134-орынға жайғасты.

Factcheck.kz