9 сәуірде Алматының Наурызбай аудандық сотында Qaznews24 парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің ісі бойынша сот отырысы өтті. Бұл туралы «Азаттық радиосы» жазды.
Еңсебектің ісін судья Бейнегүл Қайсина қарады. Ол сот залынан трансляция жасауға рұқсат берген жоқ. Сот отырысына тергеу абақтысынан онлайн қосылған Еңсебек мұндай аралас форматқа қарсы екенін білдірді.
Сот процесінің басында Темірлан Еңсебек үш өтініш айтты. Алғашқысы – оны үйқамаққа шығару туралы. Бұл талапты қорғаушысы Жанар Балғабаева да қолдап, соттан Еңсебекті қамаудан босатуды сұрады. Алайда прокурор бұған қарсы болды. Судья бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылдамай, өтінішті ашық күйде қалдырды. Келесі өтінішінде Еңсебек сот процесіне тікелей сот залынан қатысуға рұқсат сұрады. Бірақ прокурор Дидар Қабаев бұл талапқа қарсы шықты. Судья Бейнегүл Қайсина бұл өтінішті қанағаттандырмай, процесті «гибрид форматта» жалғастыруды тапсырды.
Прокурор Дидар Қабаевтың айтуынша, айыптау актісінде Темірлан Еңсебектің Qaznews24 парақшасының әкімшісі ретінде 2024 жылғы 21 қаңтарда «Қазақстандық рэперлер Канделакиге арналған трек жазды» деген тақырыппен жазба жариялағаны көрсетілген. Тергеу мәліметінше, бұл жазба «орыс азаматтарының ар-намысын қорлау мақсатында» жарияланған.
Сот барысында Темірлан Еңсебек өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін айтты. Судья тараптарға кінәні мойындау жазаны жеңілдетуі мүмкін екенін ескертіп, сотталушыдан «кінәңізді мойындайсыз ба?» деп сұрады.
«Мойындамаймын. Менің түсінуімше, сіз кінәні мойындау жағына қарай ойысқыңыз келеді. Егер мен ештеңе бүлдірмесем, нені мойындауға тиіспін?», – деді Темірлан Еңсебек.
Сот отырысы 10 сәуір күні сағат 15:00-де қайта жалғасатыны хабарланды.
Контекст
Темірлан Еңсебектің соты бұған дейін бірнеше рет кейінге шегерілген. Алғашында тыңдау 14 ақпанда өтуі тиіс еді, кейін 21 ақпанға, одан соң тағы белгісіз мерзімге шегерілді. 27 ақпанда Алматының Алмалы аудандық сотында негізгі сот отырысы басталғанымен, прокурор Айнаш Жуаспаева сотты Наурызбай ауданында өткізуді сұрады. Жанар Балғабаева Еңсебектің ісі бойынша сот 9 сәуірде өтетінін «Азаттық Азия» басылымына хабарлады.
18 қаңтарда Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамауға алғанын еске салайық. Сот оған 174-бап бойынша «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тақты. Алматы полиция департаменті Темірлан Еңсебектің жариялаған материалында «ұлтаралық алауыздықты қоздырудың айқын белгілері бар» және «бүтін бір этникалық топтың ар-намысына тиетін» сөздер бар деп мәлімдеген. Бұл бап бойынша Еңсебек 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch, халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Журналистерді қорғау комитеті де Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. 13 ақпанда халықаралық Amnesty International ұйымы да оның босатылуын талап етті.
Басты беттегі сурет «Тіл кеспек жоқ» телеграм-арнасынан алынды.