Қазақстанда көшеде медициналық маска тағу міндеттеледі

Қазақстандықтарға көшеде медициналық маска тағу міндеттеледі. Тиісті өзгертулер елдің бас санитар дәрігерінің бұйрығына енгізілді. Құжат Денсаулық сақтау министрлігі Сапаны бақылау және қауіпсіздік комитетінің сайтында жарияланды.

Жаңа өзгерістерге сәйкес қорғаныс маскаларды тағу келесі адамдарға міндеттеледі:

  • жабық үй-жайларда (дәріхана, дүкен, кеңсе, медициналық ұйым, халыққа қызмет көрсету саласындағы ұйым және т. б.), сондай-ақ көлікте, далада болған кезде барлық адамдарға;
  • СОVID-19 күдігі бар адамға көмек көрсету кезінде дені сау адамдарға;
  • Коронавирустық инфекцияға ұқсас ауру белгілері бар адамдарға (дене температурасының көтерілуі, жөтел, түшкіру).  

Ереже бұзылған жағдайда кінәлі адамға әкімшілік шаралар қолданылады.

Сондай-ақ құжатта карантин ережелерінің қатаңдауы түсіндіріледі. Дәрігердің айтуынша жабық үй-жайлардан тыс (далада) халық үшін қорғаныш маскаларын тағу халық арасында инфекция жұқтыру тәуекелін азайту үшін ұсынылады.

ДДСҰ мәліметтері бойынша, адам бір минут ішінде бетін 3-5 рет ұстайды. Бұл қадағаланбайтын процесс болғандықтан, вирус жұғу қаупі бірнеше есе артады. 5 шілдеден бастап қазақстандықтар карантин режимін және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Әкімшілік кодекстің 425-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ адам денсаулығына зиян келтірмейтін гигиеналық нормативтерді, техникалық регламенттерді бұзған жеке тұлғаларға отыз АЕК (83,340 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Factcheck.kz