Фактчек | Зеленский «СС дивизиясының эмблемасы» бар әскеридің жанында тұр

Қыркүйектің ортасында желінің орыстілді бөлігінде (1, 2, 3, 4, 5, 6) Украина президенті Владимир Зеленский әлеуметтік желілердегі парақшаларына сурет жариялап, кейін өшіріп тастады деген ақпарат кең тарады. Онда президенттің артында нацистік символикасы бар украиналық солдат тұр. Сурет Зеленский жаудан босатылған Изюм қаласына барғанда түсірілген. Жаңалық порталдарының ақпараты бойынша, президентті күзеткен әскерилердің бірінің киімінде СС дивизиясының эмблемасы «Өлі бас» (Totenkopf) бейнеленген.

Фактчек | Зеленский «СС дивизиясының эмблемасы» бар әскеридің жанында тұр

Factcheck.kz редакциясы ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Үкім: Шындыққа жақын

Зеленскийдің әлеуметтік желілердегі парақшаларында шынында жарияланып, кейін өшірілген (пост vs посттың архиві) суретте камераға теріс қарап тұрған солдатты байқауға болады, оның оқ өтпейтін кеудешесінде (бронежилет) бас сүйек түріндегі жапсырма бар. Бірақ мұқият талдай келе ол хабарламаларда айтылғандай СС 3-танк дивизиясының «Өлі бас» эмблемасы емес, түрлі милитаристік атрибутика жасайтын украиналық компанияның Operator Skull шевроны екені анықталды. Дегенмен жапсырмада «Өлі бас» бейнеленбегенімен, Operator Skull-дың жоғарғы оң жақ бұрышында СС 1-танк дивизиясының кішкентай ғана эмблемасын көруге болады. Осылайша, шевронда СС символикасы бар. Жапсырманы пайдаланған адам оны біле ме — белгісіз. Фотодағы әскеридің кім екенін анықтай алмадық.

Айта кетейік, Operator Skull Украина қарулы күштерін (УҚК) ерекшелейтін ресми белгі емес. Яғни болжамымыз бойынша, суреттегі солдат жапсырманы өзі сатып алған. Сондай-ақ эмблеманы әскери қақтығыстың қарсы тарапының өкілдері де пайдаланады. Мәселен, сәуірде бұл шеврон өз егемендігін жариялаған ДХР (Донецк Халық Республикасы) халықтық милиция әскерінің киімінен де байқалған.

Біз тексеріп отырған сурет туралы хабарламада сенімді және сенімсіз ақпарат араласқанымен, оның жалпы ойы манипуляция жасау екенін атап өткен жөн. Себебі жаңалықтар ресурстары оның көмегімен Украинаның «денацификациясы» туралы пропагандалық нарративті таратқысы келеді.

Толығырақ

Сурет өңделмеген, жапсырма түпнұсқада да, ВВС (0:27-0:36) және Channel4 (2:03-2:05) телеарналарының видеоларында да бар. Дегенмен суретті үлкейтіп көргенде жапсырма «Өлі бас» шевронынан басқаша екенін байқалады. СС эмблемасындағы бас сүйек ықшамды, бас сүйекте жіңішке тігіс бар және негізі сүйек, сүйектің бетінде ештеңе бейнеленбеген. Украиналық солдаттың жапсырмасында деталь көп, бас сүйектің оң жағындағы элементтер «Өлі бас»-тағы сүйекке қарағанда жоғары екені көрініп тұр. Маңдайында каска бар тәрізді, ал маңдайдың оң жақ бөлігінде екі қара бөлік бар.

Сипаттама бойынша іздеп біз милитаристік атрибутты шығаратын украиналық R3ICH компаниясының Operator Skull жапсырмаларын таптық. Operator Skull әскери рухты көтеру үшін не белгілі бір әскери бөлімшеге (мәселен, бригада немесе дивизияға) жататынын білдіру үшін тағатын «morale patches» жапсырмалары. Мұндай жапсырманы кез келген адам, әскери немесе қарапайым азамат екеніне қарамастан түрлі украин сайттары мен Amazon және Ebay сынды халықаралық маркетплейстерден сатып ала алады.

Дегенмен, жапсырмадағы суретті мұқият зерттесек, дулығадағы қара түсті бөліктердің бірінің бетінде ақ кілт бейнеленгенін көреміз. Желіден іздеу арқылы тапқанымыз, бұл — «Лейбштандарт СС Адольф Гитлер» СС 1-танк дивизиясының эмблемасы. Осылайша, СС-ке қатысы жоқ эмблемада бәрібір СС символикасы бар. Оны шевронды сатып алушылар, әсіресе суреттегі солдат біле ме — белгісіз. Біз бұл жігіттің кім екенін анықтай алмадық.

Operator Skull бас сүйегі УҚК ерекшелейтін ресми белгісі емес, яғни Зеленскийдің артында тұрған солдат жапсырманы өзі сатып алды немесе біреуден алды не тартып алды және шевронды жеке мақсатта пайдаланады. УҚК ресми жарғысы құжатта көрсетілмеген ерекше белгілерді тағуға тыйым салады, бірақ шынайы соғыс кезінде ережені бұзу болмашы нәрсе деп бағаланатын тәрізді я болмаса жай ғана ешкім байқамады.

Тағы да ескерте кетсек, Operator Skull жапсырмаларын майданның екі тарапының әскері де тағады. Биыл сәуірде өз егемендігін өзі жариялаған ДХР басшысы Денис Пушилиннің халықтық милиция сарбаздарына марапат тапсырып жатқан видеосы тарады. Солдаттың иық жағында Operator Skull-дың дәл осы жапсырмасы анық көрініп тұрды. Медиа сол кезде оны «Өлі бас» шевроны деп жазған.

Фактчек | Зеленский «СС дивизиясының эмблемасы» бар әскеридің жанында тұр
Өз егемендігін жариялаған ДХР халықтық милиция сарбазының қолындағы белгілердің бірі – R3ICH компаниясының Operator Skull жапсырмасы.

Контекст

Украинада соғыс басталғалы желіде УҚК нацистік символиканы қолданатыны туралы ақпарат көбейді. 2019 жылдың қарашасында президент Зеленскийдің өзі фейк объектісіне айналды. Ол кезде президент тағып жүрген Черные Запорожцы атындағы 72-бригаданың шевронындағы бас сүйекті дәл сол СС-тің «Өлі бас»-ы деп жазды. Фейк 2021 де қайта пайда болды, бірақ бұл жолы Facebook-та тарады, ал 14 қыркүйекте ТАСС журналистерінің назары тағы да шевронға түсіп, оны «украиналық оңшыл радикалдар арасында танымал эмблема» деп атап, «бас сүйек пен сүйектің суреті» деп сипаттап, СС эмблемасын меңзеді. Бұл дезинформацияны біздің «Вокс Україна»-дағы әріптестеріміз тарқатып талдаған.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz