«Дождь» қызметкерлері Қырым аннексиясын қолдайды деген нарратив қайдан шықты?

8 желтоқсанда әлеуметтік желілерде 2014 жылғы 21 наурызда «Дождь» телеарнасының эфирінен көрсетілген «И так далее» бағдарламасының екі минуттық үзіндісі кең тарады. Онда ресейлік журналист Михаил Фишман салют атқылап жатқан жерде тұрып, Қырым аннексиясына қошемет білдіреді. 

Видеоны жариялаған Украина блогері Евгений Вольнов роликтің жеке архивтен алынғанын және сайт «ашылмайтындықтан», қолжетімсіз екенін жазған. «Сарказм ба, әлде жоқ па? Мұны өздеріңіз шешерсіздер» деп жазады Вольнов Фишманның сөздері туралы. 

Сайттың ашылмайтынын айтқан ол 6 желтоқсаннан бастап Латвия жерінде «Дождь» тереарнасы лицензиясының күші жойылғанын меңзеп отырған болар.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде «Дождь» телеарнасының бас редакторы Тихон Дзядконың 2014 жылғы 29 сәуірде жариялаған туиті тарап кетті. Онда «Қырым, Ресейге қош келдің» деп жазылған. 

Екі сюжет те желіде кең тарап, үлкен резонанс туғызды. Сондықтан Factcheck.kz редакциясы жағдайды зерттеп, журналистердің нені меңзегенін анықтап, «Олар расымен Қырым аннексиясын қолдады ма?» деген сұраққа жауап іздеді.

Фишманның видеосы мен Коростелевтің мәлімдемесі

«И так далее» бағдарламасының 2014 жылғы 21 наурыздағы бағдарламасының толық нұсқасы ашық дереккөзде бар екенін айта кету керек. Оны мына сілтеме бойынша көруге болады. Дегенмен, видео үзіндіден де, бағдарламаның толық нұсқасынан да Фишманның ирониямен сөйлеп тұрғанын немесе журналистің расымен Қырымның қосылғанына қуанғанын анықтау қиын. Телеарнаның қызметі мен Фишманның жұмысын бақыламайтын адам үшін түсініксіз деген дұрысырақ шығар. 

Журналист ертеңінде Twitter-дегі аккаунтында мұның сарказм болғанын түсіндіріп, «Совет пропагандасының қуанған стиліне пародия келтіргенін» айтқан. Фишман ұстанымының үнемі бірізді болғанын және ешқашан өзгермегенін айтып, дәлел ретінде бағдарламаның 2014 жылдың 7 наурыздағы санының үзіндісін ұсынған. Онда ол Владимир Путиннің Қырымды аннексиялау жоспарын сынайды. 

Фишман түскен видео үзіндінің тарауына «Дождь» телеарнасының Латвияда, кейін Литва мен Эстония жерінде лицензиясынан айырылуы әсер еткені түсінікті. Бұл шешім арнаның бұрынғы жүргізушілерінің бірі Алексей Коросталевтің мәлімдемесінен кейін қабылданған. 1желтоқсанда тікелей эфир кезінде журналист «Дождь» телеарнасы мобилизация кезіндегі заң бұзушылықтар туралы оқиғаларды жинап жатқанын, редакцияның «майданда әскери қызметкерлердің қарапайым қажеттіліктермен қамтылуына» көмектесе алғанына үміттенетінін айтқан. Латвия мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мұны Ресей армиясына көмектесуге шақыру деп түсінген. Латвия Ресейді терроризмді қолдайтын ел деп таныған. 

Коростелев өзін ақтау үшін сөздің мәнмәтіннен үзіп алынғанын және өзінің соғысқа қарсы екенін айтты. Журналист «аш қалған мобилизацияланғандарды» аяйтынын, бірақ олар туралы айтып қана көмек көрсететінін жеткізген. Телеарнаның бас редакторы Тихон Дзядко кешірім сұрап, «Дождь» телеарнасы ешқашан Ресей армиясын жабдықтандырумен айналыспағанын және оны жоспарламағанын айтты. Соған қарамастан, бұл арнаға Латвияда хабар тарату құқығын сақтап қалуға көмектесе алған жоқ. Ал желі қолданушылары «Дождь» телеарнасы журналистерінің Ресейдің Украинадағы басқышылығын қолдайтынына дәлел іздеуге кірісіп кетті. Михаил Фишманның сегіз жыл бұрынғы видеосы да осылай пайда болды. 

Дзядконың туиті

Дегенмен, Фишманның видеосы — әлеуметтік желі қолданушылары тапқан жалғыз сюжет емес. 5 желтоқсанның түнінде Тихон Дзядконың Коростелевпен болған жағдайға байланысты кешірім сұраған туитінде оның 2014 жылғы 29 сәуір күнгі жазбасының скриншоты пайда болды. Онда «Қырым, Ресей құрамына қош келдің!» деп жазылған және видеоға сілтеме салынған. Тақырыпты баспасөз құралдары іліп әкетті (123).

«Дождь» қызметкерлері Қырым аннексиясын қолдайды деген нарратив қайдан шықты?

Дереккөзден біз туитті жылдам тауып алдық. Қазір ашылмайтын сілтемеде Севастопольде өткен Қырым аннексиясын «қолдау» митингін таратып жатқаны түсірілгені белгілі болды. Сол түні Дзядко бірнеше туит жазып, мұның сарказммен жазылған жазба болғанын, оның жиналу еркіндігі жоқ елге тап болған Қырым аннексиясын қолдаушыларға арналғанын айтты. Бірақ сілтемедегі видео ашылмайтындықтан, дәлелсіз айып жалғаса берді. 

Дегенмен, роликті желідегі мына жерден көруге болады. Оның метадеректері мында бар. Дзядконың тура сол күнгі (29 сәуір 2014 жыл) жазбаларына қарасақ, оның ресми баспасөз құралдарындағы ақпараттың бұрмалануы мен провакация туралы жазғанын көруге болады. 

Қауіпті сарказм

Интернет қолданушылардың Қырым аннексиясы секілді саяси жағдайларда сарказммен сөйлеу қаншалық орынды деген пікірі екіге жарылды.

Біреулер Дзядко мен Фишманға жаны ашып, «юморды» түсінбейтіндерді сынға алып жатыр. Басқалары әскери шиеленіс кезінде қалай сөйлеу керек екенін журналистер білмесе, кім біледі деп жазды. Бұл кейс қанша жерден ирония танытқың келіп тұрғанымен, сезімтал тақырыптарға келгенде мұқият болу керек екеніне дәлел бола алады

Factcheck.kz