Bloomberg Қазақстанның Ресейге параллельді импорты туралы рас жазды ма?

2022 жылғы 29 қазанда Bloomberg басылымы Еуроодақтан Қазақстанға және Қазақстаннан Ресейге импортталған тауарларды сараптайтын материал жариялап, кей тауарлардың, оның ішінде тоңазытқыштар, кір жуатын машина мен электрлік сүтсауғыштардың экспорты Украинада соғыс басталғалы күрт артқан деген қорытындыға келген. Материал авторлары цифрлар Қазақстаннан Ресейге жасалып жатқан параллельді импортына дәлел бола алады дейді. Бұдан бөлек еуропалық және америкалық сарапшыларға жүгінген (12) олар Ресей Қазақстаннан импортталған тұрмыстық техника комплектілерін Украинадағы соғыста пайдаланатын қару жасау үшін қолданып жатыр деген болжам жасайды. 

Factcheck.kz редакциясы Bloomberg басылымының кей мәлімдемелерін, әсіресе, Еуроодақтан Қазақстанға, Қазақстаннан Ресейге экспортталған өнімдер туралы айтқандарын тексеріп көрді. 

Мәлімдеме: Қаңтар мен тамыз аралығында Қазақстан 21,4 миллион доллар болатын еуропалық тоңазытқыштарды экспорттаған. Бұл алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үш есе көп. 

Bloomberg

Үкім: Шындыққа жақын және манипуляция

Шындығы неде: тоңазытқыштар мен мұздатқыштардың, сонымен қатар оның құрал-жабдықтарының (графикада көк және қоңыр сызықпен белгіленген, қалғандарынан жоғары тұр) экспорты артқаны расымен байқалады (бұл категорияларға жылу насостары мен оның бөлшектері де кіреді— ред.). 2022 жылғы қаңтар-тамыз аралығында тауарлардың екі категориясының экспорты сәйкесінше 21,2 және 13,4 млн еуро болған. Бұл 2021 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,6 және 4,7 есе көп.

Манипуляциясы неде: Екі жылдағы жағдайды ғана салыстыра отырып, аналитиктер 2020-21жылдары пандемия кезіндегі локдаунның тауар айналымын төмендеткенін, сол үшін 2022 жылы 3-5 есе өсім болғанын ескермей отыр. Еуроодақтан Қазақстанға кейінгі бес жылдағы тоңазытқыш экспортына қарасақ, 2018-19 жылдары көрсеткіштің 2021 жылға қарағанда жоғары болғанын көруге болады. 2018 жылмен салыстырған күннің өзінде, 2022 жылы экспорттың өскені айтарлықтай байқалады. 

Еуроодақтан Арменияға тұрмыстық техника экспортын анализдегенде, материал авторлары дұрыс жолды таңдап, 2015 жылдан бергі көрсеткішті ескерген. Қазақстанға келгенде неге солай істемегені белгісіз. 

Мәлімдеме: Қазақстан билігінің деректері Ресейге тоңазытқыш, кір жуатын машина мен электрлік сүтсауғыштар жеткізу көрсеткішінің күрт өскенін көрсетеді. 

Bloomberg

Үкім: Шындыққ жақын және манипуляция 

Шындығы неде: Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстаннан Ресейге тоңазытқыш пен кір жуатын машина экспорты расымен артқан. 

Манипуляциясы неде: Материалда айтылған электрлі сүтсауғыштар Еуростат пен Ұлттық статистика бюросының деректер базасында жоқ. Шын мәнінде, олар 8413 20 категориясына жатады: «сұйықтыққа арналған қол насостары». Бұл тауарлардың едәуір көп түрін қамтиды. Бірақ Bloomberg журналистері назар аудару үшін бе, тек өнімнің осы түрін баса айтыпты. Мақала рерайттарында электрлік сүтсауғыштардың жиі байқалатынын ескерсек, бұл кликбейтке келіңкірейді. 

Ретімен қарастырып шығайық.

Тоңазытқыштар

2018, 2019, 2020 және 2021 жылдары қаңтар-тамыз аралығында Қазақстаннан Ресейге тоңазытқышқа байланысты өнімдердің экспорты төмен деңгейде болса (мыңдаған долларлап саналады), 2022 жылғы қаңтар мен тамыз аралығында дүкендерге арналған мұздатқыштар мен сыртқы есігі бар тұрмыстық тоңазытқыштар экспортының өскені байқалады. Алғашқысын Қазақстан 3.7 млн доллар болатын сомаға жіберсе, екіншісі  2.3 млн доллар болған. 

Ресейден Қазақстанға тоңазытқыш импорттау да тоқтамағанын айта кету керек. Мысалы, 2022 жылы мемлекетке Ресейден 36.8 млн доллар болатын өндірістік және тұрмыстық сипаттағы тоңазытқыштар мен мұздатқыштар импортталған. Бұл 2021 жылғы тура сол кезеңмен салыстырғанда анағұрлым аз. Сол кезде бұл категориядағы тауар экспорты 47.9 млн доллар болған.

Кір жуатын машина

Еуростат деректеріне сәйкес, 2022 жылғы сегіз айда 2021 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда әр категориядағы кір жуатын машина экспорты айтарлықтай өскен. Мысалы, тұрмыстық типтегі кір жуатын машинаны (график №1, көк сызық) Еуроодақтан Қазақстанға жеткізу 3,002 млн евро, ал толық автомат кір жуатын машина (график №1, сары және көшілдір сызық) — сәйкесінше 1,519 млн еуро және 1,386 млн еуро болған. Бұдан бөлек тұрмыстық кір жуатын машина бөлшектеріне сұраныс та артқан (график №3, жасыл сызық) — 1,007 млн евро.

Қазақстаннан Ресейге жасалған экспорт ше? 2022 жылғы сегіз айда Қазақстан Ресейге әдеттегіден көп кір жуатын машина сатқан. Көлемі 6-10 кг болатын автоматты кір жуатын машиналарға ерекше сұраныс байқалады (жасыл сызық) — 5,9 млн доллар; 6 кг аспайтын автомат кір жуатын машина (көк сызық) — 1.018 млн доллар; көлемі 10 кг көп кір жуатын машина — 411 мың доллар.

Сүтсауғыштар ше?

Сол аралықта бала туу көрсеткіші 8,4% азайғанына қарамастан, Еуроодақтан сүтсауғыштарға сұраныс 2022 жылдың алғашқы жартысында 633%-ке өскен. 

Bloomberg 

Үкім: Манипуляция және техникалық қате 

Жоғарыдағы үкімде айтқанымыздай, сұйықтыққа арналған қол насостарына сұраныс артқан. Оның арасында сүтсауғыштар да болуы мүмкін, бірақ ол ғана емес. Бұл категориядағы тауарлардың Еуроодақтан Қазақстанға экспорты 2022 жылғы қаңтар мен тамыз аралығында 2021 жылдың сегіз айымен салыстырғанда 205%-ке өскен. Қазақстаннан Ресейге қол насосы экспорты 3046%-ке артқан. 

Ұлттық статистика бюросы дерегінше, 2022 жылғы сегіз айда Қазақстанда 263 780 бала дүниеге келген. Бұл 2021 жылдың тура сол аралығымен салыстырғанда (296 480 детей) 11%-ке кем. 

Басқа тұрмыстық техника

Біз Еуроодақтан Қазақстанға және Қазақстаннан Ресейге экспортталған плита мен қысқа толқынды пештерді де тексеріп көрдік.

Графикадан көріп отырғанымыздай, 2022 жылғы қаңтар мен тамыз аралығында қысқа толқынды пештер мен ас үй плиталардың барлық категориясында Еуроодақтан Қазақстанға экспорт бірнеше есе артқан. 

Сондай-ақ плита мен қысқа толқынды пештердің Қазақстаннан Ресейге экспорты да артқан. 2022 жылғы қаңтар мен тамыз аралығында Қазақстан 5,4 млн доллар болатын қысқа толқынды пеш сатқан. Бұл категориядағы тауар экспорты төмен болған. Сонымен қатар электрлі плитаның кей түрлеріне де сұраныс артқан. 2022 жылғы 8 айда оның жалпы экспорты 1,017 млн доллар болған. Бұл алғашқы төрт жылдың осы аралығын қоса алғаннан да көп. 

Factcheck.kz