Фактчек | Елімізде қанша студентке жатақхана жетпейді?

29 маусымда депутат Елнұр Бейсенбаев студенттер арасында жатақхана жетіспеушілігі 85 мыңнан астам орынды құрап, оның ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында көп байқалатынын айтты. Осы орайда Factcheck.kz сайты депутаттың келтірген мәлімдемелерін тексеріп көрді.

Тайм-код: 3:47:03

Өздеріңіз білетіндей, елімізде 1 миллионнан астам студенттер білім алады.

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021-2022 оқу жылына ЖОО-да 575 511 студент, ал техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұймдарында 494 042 студент оқиды. Жалпы саны 1 069 553 студент бар. Одан бөлек 28 194 шетел студенті, 36 483 магистрант, 5924 докторант білім алуда.

Ал, студенттерге жатақхана жетіспеушілігі 85 мыңнан астам орынды құрап отыр. Яғни 85 мың студент пәтер жағалап, оқуды емес, керісінше пәтерақының қамымен жүргені ой салмай ма, ағайын.

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Шындық және манипуляция

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты “Қаржы орталығы” акционерлік қоғамның ресми мәліметінше, елімізде студенттер арасында жатақхана жетіспеушілігі 85 471 орынды құрап отыр.

Алайда, осы 85 мыңнан астам студент “пәтер жағалап жүр” деп ешқандай да зерттеуге не сауалнамаға сүйенбей мәлімдеме жасау – манипуляцияға алып келеді.

Әсіресе, cтуденттер жатақханасының ең үлкен жетіспеушілігі Нұр-Сұлтанда 17 мың, Алматыда 35 мың, ал Шымкентте 10 мың орынды құрап отыр.

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Шындыққа жақын

Қаржы орталығының мәліметінше, студенттер жатақханасының жетіспеушілігі ең көп 40 471 орын Алматыда, 16 853 орын Нұр-Сұлтанда, 3920 орын Шымкентте жетпейді.

2021 жылдың қорытындысы бойынша 10 364 орынға арналған 49 жатақхана іске қосылды

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Шындық

Депутат мырза айтқан ақпаратты ашық дереккөздерінен таппаған соң “Қаржы орталығы” акцонерлік қоғамына хабарласып, ресми ақпаратты сұрастырдық. Бізге берген мәліметке сәйкес, 2021 жылдың қорытындысы бойынша расымен де 10 364 орынға арналған 49 жатақхана қолданысқа берілген. Оның ішінде жаңадан салынғаны бар және реконструкциядан өткені бар.

Мысалы, биыл салынуы тиіс 10 мың орындық жатақхананың 6 ай ішінде тек 1320 орынға арналған алтауының құрылысы аяқталған. Бұл жалпы құрылыстың 13-ақ пайызы.

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Шындыққа жақын

“Қаржы орталығының” ресми мәлімдемесіне сай, 2022 жылы расымен де 10 мың орындық жатақхана салу көзделген, алғашқы 6 ай (қаңтар-маусым) ішінде соның тек 1530 орынды 7 жатақхана ғана пайдалануға берілген. Бұл жалпы құрылыстың тек 15,3%-ін құрайды.

Депутат Бейсенбаев тек биыл ғана емес, былтыр да жатақхана мәселен көтерген болатын, сол мәлімдемесін де жазып, тексергенбіз. Материалды төменнен оқи аласыздар.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz