Журналистерге қауіпті заң жобасы Ресейдің дума қарауына келді

Мемлекеттік думаға дербес деректі жариялаған жағдайда жазаны қатаңдататын екі заң жобасы қаралымға келді. Бұл заң жобасына сәйкес, желіге жеке деректерді жариялағандарға қомақты сомада айыппұл салынады не 10 жылға дейін бас бостандығын айыру көзделген. Бұл туралы BBC сайты хабарлады.

BBC сайтының жазуынша, мемлекеттік думаға қаралымға келген заң жобасы журналистер мен қоғамға маңызды ақпарат таратқан адамдарға өте қауіпті. Оған сай, түрмеде болып, кейін соғысқа тартылған азаматтардың дерегі ерекше қорғалады.

Заң жобасында қандай жаза қарастырылған?

Кремльшіл “Единая Россия” партиясының депутаттары мен сенаторлары мемлекеттік думаның қарауына екі заң жобасын ұсынды. Бірінші заң жобасына сәйкес, дербес деректер базасының операторлары жеке деректерді жариялауға мүмкіндік берген жағдайда және Роскомнадзорға (Ресейдің ақпараттық технология және бұқаралық байланыс саласын бақылайтын федерациялық қызметі) бұл туралы хабарламаса, айыппұл төлейді. Бұл заң жобасына сай, 15 миллионнан бастап (шамамен 74 550 000 теңге), 500 миллион рубльге дейін (2 485 000 000 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.

Екінші заң жобасына сәйкес, медиада не желіде тарап кеткен деректерді пайдаланғандарға тағы да жаза қарастылырылған. Бұл заң жобасы Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексін жаңа баппен (272.1) толықтырады. Депутаттардың ұсынған заң жобасында бұл “зұлымдық” ойлаушыларға қарсы қарастырылғаны жазылған. Алайда “зұлымдық ойлаушылар” дегенге нақты сипаттама берілмеген.

Жаңа бапқа сәйкес, “заңсыз тараған” жеке дерек жәбірленушіге кері әсер етсе, адамдарды 10 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған. Сонымен қатар, «заңсыз» алынған жеке деректерді басқа елге бергені үшін 3 миллион рубльге дейін (14 910 000 теңге) айыппұл салу көзделген. Ал егер жәбірленушіге кері әсер етпеген жағдайда 8 жылға дейін бас бостандығынан айырады я болмаса 2 миллион рубльге (9 940 000 теңге) дейін айыппұл салынады.

Контекст

Кейінгі үш жылда зерттеу журналистикасымен айналысатын адамдарға қарсы заң шеңберінде қысым көрсетуге бірнеше рет заңнамалық әрекет жасалған. Ал бұл заң жобасы, BBC журналистерінің есептеуінше, соның бесінші бастамасы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz