Алматының аппелляция соты оппозиция саясаткері, “Демпартия” лидері Жанболат Мамайға қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы оның жұбайы, құқыққорғаушы Инга Иманбай Facebook парақшасында хабарлады.
Инга Иманбай үкім сол күйінде қалса да, “күресуді” тоқтатпайтынын айтты.
Ешқандай өзгеріс болмады. Бүгін Жанболаттың оқшауланғанына 499 күн болды. Мұнымен күрес тоқтамайды. Қазір біз Жоғарғы сотқа жүгініп жатырмыз, кейін БҰҰ-ның комитетіне шығамыз. Көптеген халықаралық ұйым мәлімдеме жасады, БҰҰ-ның жұмыс тобы шешім қабылдады. Десе де билік өзінің репрессивті саясатын жалғастырып жатыр. Саяси реформа, өзгеріс деген осы ма?
Инга Иманбай, құқыққорғаушы
Айта кетейік, Жанболат Мамайға Қаңтар қырғынында “жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды” деген айып тағылып, шартты түрде 6 жылға сотталды. Дегенмен Мамай сот шешімімен келіспеді.