Украина Крокус сити холлдағы терактіге қатысы барын растады ма?

НТВ арнасы Крокус сити холлда болған терактіге қатысты бір видео жариялады. Онда Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Мәскеудегі терактіге Киев режимінің қатысы барын растады деседі. Factcheck.uz-дағы әріптестеріміз ақпаратты тексерді.

Тележүргізуші бейнероликке қатысты былай деді: «Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетке Киев режимінің қатысы барын Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов теледидар арқылы ашық түрде растады».

Ал видеода көрсетілген “Данилов” былай дейді: “Бүгін Мәскеуде көңілді әрі қызық. Біз оларға осындай көңілді жиі ұйымдастырамыз деп ойлаймын”.

Алайда бұл видео жалған. 22 наурыз кешке украиналық телемарафонның эфирінде басқа жүргізушілер жұмыс істеді, Данилов та онда қонақ болған жоқ.

Видеоның бір бөлігі 16 наурыздағы эфирден алынған.

Украина елі де Крокус Сити Холлдағы терактіге қатысы барын жоққа шығарады.

Factcheck.kz