Тоқаев Масс-медиа туралы заңға қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев Масс-медиа туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Жаңа заң бойынша, “Масс-медиаға” бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, интернет-ресурстар да жатады. “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” және “Телерадио хабарларын тарату туралы” заңдар күшін жояды.

“Масс-медиа туралы” заң бойынша, азаматтар ақпарат құралдарынан жалған ақпарат немесе ар-намысына нұқсан келтіретін ақпаратты терістеуді материал жарық көрген сәттен бастап бір жыл ішінде (бұған дейін үш жыл болған) ғана талап ете алады. Ал редакция сауалдарын қарау бес жұмыс күнінен (бұған дейін жеті күн болған) аспауға тиіс.

Заңда Қазақстан сыртқы істер министрлігі “Қазақстан заңына сай, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеуден бас тартуға құқылы” деп көрсетілген бөлігі баспасөз құқығын қорғаушыларды алаңдатқан.

Заң жобасы парламент қарауында жатқанда бірнеше депутат билік шетелдік БАҚ-ты “ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді” деп тапса, сыртқы істер министрлігі оған және журналистеріне аккредитация беруден бас тарта алады деген өзгеріс енгізуді ұсынған. Кейін бұл бөлігін өзгертіп, жоба мәтінінен “ұлттық қауіпсіздікке қатер” туралы сөзді алып тастады.

Factcheck.kz