Түнде гаджет қолданған адамның ұйқысы нашарлай ма?

Көпшілік арасында “Түнде ұйықтар алдында смартфон, гаджет қолдануға болмайды. Себебі одан адамның ұйқысы нашарлайды, ертесі мазасы қашады” деген мәлімдеме тарап жатыр (1, 2, 3). “Проверено” деректі тексеріп көрді.

Бұл ақпаратты таратқандар дереккөз ретінде смартфондар пайда болғаннан кейін шыққан ең алғашқы зерттеулердің нәтижесіне сүйенеді. 2011 жылы жапон ғалымдары 95 000-нан астам жоғары сынып оқушылары арасында зерттеу жүргізген. Оның нәтижесінде үйдегі жарық өшкен кезде смартфон арқылы хат алмасқан, қоңырау шалған жасөспірімдердің ұйқысы нашарлағаны, күндіз маужырап, шаршап жүретіні белгілі болды. Ғалымдар мұның бәрі гаджеттің салдары деп есептеді. Дегенмен олар жасөспірімдер түнде кіммен, не үшін, не туралы сөйлескенін нақтыламаған.

Осы тұста фактчекерлер жасөпірімдер махаббат сезіміне толы хат алмасып, ерекше эмоциядан ұйықтай алмауы мүмкін екенін де ескеру қажет деп ойлайды. Оның үстіне, бұл зерттеу авторлар смартфон арқылы ойын ойнаған, подкаст тыңдаған, әлеуметтік желіге кірген адамның ұйқысы қандай болатынына тоқталмаған.

2016 жылы Бельгиядағы Левен католиктік университеті мамандары зерттеу жасады. Оған 18-94 жас аралығындағы 884 адам қатысты. Бәрі түнде гаджет пайдаланады екен. Зерттеу нәтижесі ұйықтар алдында смартфон қолданатындарда ұйықтай алмау, шаршау сияқты симптомдар пайда болғанын көрсетті.

2020 жылы қытайлық ғалымдар теледидардың адам ұйқысына әсерін зерттеді. Олардың экспериментіне 15-90 жас аралығындағы 1 500 адам қатысты. Ғалымдар үш сағаттан көп уақыт теледидар көрген адамның ұйқысының сапасы 83%-ке, төрт сағаттан көп уақыт компьютер немесе смартфон қолданған адамның ұйқысының сапасы 53%-ке төмендейтінін анықтады.

Алайда кейбір зерттеу бұған қарама-қайшы қорытынды көрсеткен. Мысалы, 2016 жылы Сауд Арабиясындағы Сауд королі университетінің ғалымдары зерттеу жүргізді. Оған 21 жастан асқан 435 жергілікті тұрғын қатысты. Зерттеу жарты жылға созылды. Нәтижесінде, ұйықтар алдында шамамен 15 минут смартфон қолданған адамға оның еш зияны болмаған. Бірақ бұл мамандар да адам түнде телефонды ұзақ пайдаланса, ұйқысы қанбай қалатынын, нашарлайтынын жоққа шығармады.

2022 жылы АҚШ-тың Делавэр университетінің зерттеушілері, керісінше, теледидар, әлеуметтік желі көрген адамның ұйқысы жақсаратынын анықтады. Бұл экспериментке 58 ересек қатысқан. Зерттеуде еріктілер саны аз болды, есесіне ғалымдар олардың ұйқысын арнайы құрылғы арқылы тексерген.

Қорытындылай келе, бұл мәлімдемеге қатысты нақты үкім айту қиын. Себебі ғалымдардың зерттеулері қарама-қайшы нәтиже беріп отыр.

Factcheck.kz