Qaznews24 сатиралық жаңалықтар парақшасының авторы Темірлан Енсебекке қатысты сот процесі 21 ақпанға ауыстырылды. Бұл туралы оның адвокаты Жанара Балғабаева «Власть» басылымына хабарлады.
Оның айтуынша, процесс прокурордың өтініші бойынша кейінге қалдырылған. Алғашқы сот отырысы 21 ақпанда онлайн өтеді және бірден негізгі сот талқылауынан басталады.
18 қаңтарда Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамауға алғанын еске салайық. Сот оған 174-бап бойынша «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тақты. Алматы полиция департаменті Темірлан Еңсебектің жариялаған материалында «ұлтаралық алауыздықты қоздырудың айқын белгілері бар» және «бүтін бір этникалық топтың ар-намысына тиетін» сөздер бар деп мәлімдеген. Бұл материал 2024 жылғы 21 қаңтарда жарияланған постқа қатысты, онда ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстандағы орыс тіліне қатысты даулы мәлімдемесі сыналған. Бұл бап бойынша Еңсебек 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch, халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Журналистерді қорғау комитеті де Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. 13 ақпанда халықаралық Amnesty International ұйымы да оның босатылуын талап етті.
Басты беттегі сурет Qaznews24 парақшасынан алынды.