Су тасқыны: елдің 10 облысында төтенше жағдай жарияланды

Су тасқынына байланысты Қазақстанның 10 облысында төтенше жағдай режимі жарияланды. Жеті өңірде жауын-шашынға, ауа температурасының көтерілгеніне және қардың ерігеніне байланысты су қоймаларындағы су деңгейі одан әрі көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиева мен «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова брифиңде айтты, деп хабарлады Vlast.kz.

Нұрғалиеваның айтуынша, қазір Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жергілікті төтенше жағдай болып жатыр.

Қазіргі уақытта алты облыста – Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 3702 үй су астында қалды. Ел бойынша су тасқыны басталғаннан бері 72 мыңнан астам адам құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді, оның 17 мыңға жуығы – балалар. Қазіргі уақытта уақытша орналастыру орталықтарында 14 460 адам болса, оның 7 269-ы – балалар.

«Бүгін Төтенше жағдайлар министрі мен жедел республикалық штаб қызметкерлері Тобыл өзеніндегі судың көтерілу қаупі сақталып отырған Қостанай облысында жүр. Облыстың төтенше жағдайлар қызметі еріктілерді жинап жатыр. Біз Төтенше жағдайлар министрлігінен әскери қызметкерлердің келуін күтіп отырмыз», – деді Нұрғалиева.

Қостанай облысының 7500-ден астам тұрғыны құтқарылып, эвакуацияланды, оның 1239-ы – балалар. Қостанай облысында 700-ден астам адам эвакуациялау пункттерінде орналасқан, оларға барлық қажет көмек көрсетіліп жатыр.

Исмағұлова Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында су деңгейінің көтерілуі жалғасып жатқанын хабарлады.


«Кейбір жерде өзен арналарында қардың қарқынды ерігеніне байланысты шекті деңгейден әлі де асып кетіп жатыр. Су деңгейінің одан әрі көтерілуі күтіледі, қауіпті деңгейден асуы мүмкін, бұл су деңгейінің көтерілуіне және өзендердің жайылма аймақтарға жайылып кетуіне әкеледі», – деп атап өтті «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы.

Factcheck.kz