Румынияның Конституциялық соты 6 желтоқсандағы отырыста президенттік сайлаудың бірінші кезеңінің нәтижелерін жойды. Бұл туралы NewsMaker хабарлады.
Енді сайлау қайтадан өтуі керек. Үкімет дауыс берудің жаңа күнін бекітеді.
Президент сайлауының бірінші кезеңі 24 қарашада өткен. Онда тәуелсіз кандидат ретінде сайлауға түскен оңшыл саясаткер Кэлин Джорджеску 13 үміткердің ішінен ең көп дауыс жинады. Екінші орынды “Румынияны құтқару одағы” еуропалық либерал партиясының жетекшісі Елена Ласкони иеленді. Сайлаудың екінші кезеңі 8 желтоқсанда өтуі керек еді.
Бұған дейін Factcheck.kz NewsMaker басылымының Джорджеску неге кенеттен президенттік сайлауда көшбасшы болғаны туралы материалын бөліскен.
Басылымның жазуынша, Румыния президенті Клаус Йоханнис 4 желтоқсанда Джорджескудің сайлау науқаны туралы мәліметтерін құпиясыздандыруға келіскен. Онда кандидаттың үгіт-насихатын TikTok-та 25 мың бот-аккаунт жүргізуі мүмкін екені айтылған. Сыртқы барлау қызметі пропаганда жұмыстарын Мәскеумен байланыстырып, Румыния ресейлік гибрид операциялардың нысанасына айналды деп мәлімдеді.
Басты беттегі сурет NewsMaker порталынан алынды.