Румыниядағы сайлау: протест, TikTok, Путин және «көрінбейтін электорат». Кэлин Джорджеску жеңісінің құпиясы неде?

Румыниядағы президенттік сайлаудың бірінші турында маршал Антонескудің және Владимир Путиннің жақтаушысы ретінде аты шыққан ультраоңшыл кандидат Кэлин Джорджеску жеңіске жетті. Factcheck.kz серіктесі, Молдованың NewsMaker басылымы Джорджескудің кім екенін, оның екінші турда жеңіске жете алу мүмкіндігін және Молдоваға Румыниядағы сайлауалды науқаннан қандай сабақ алу керектігін талдайды.

Кэлин Джорджеску деген кім?

25 қараша дүйсенбіге қараған түні, Румыния президентінің сайлауында дауыс санау жалғасып жатқан кезде, Румыниядағы Google трендтеріндегі басты сұрау: «Cine este Călin Georgescu?» («Кэлин Джорджеску деген кім?») болды. Ал румын тілі түсіндірме сөздігінің (Dex) онлайн-нұсқасындағы ең танымал іздеу сұраулары «легионер», «егемендік», «антисемитизм» және «масон» сөздері еді.

Сайлаудың алғашқы алдын ала нәтижесі барлығын таңғалдырды. Бұрын румын саяси аренасында айтарлықтай байқалмаған, ультраоңшыл саясаткер, ешбір партияның қолдауынсыз тәуелсіз кандидат ретінде сайлауға түскен Кэлин Джорджеску барлық негізгі румын саясаткерлерін артта қалдырып, сауалнама болжамдарына қарамастан көш бастап тұрды.

Джорджеску өзінің айтуынша, сайлауалды науқанға бір лей де жұмсамаған. Ол видеотрансляцияларда көрсеткен қаржылық есебінде шынымен де нөл деп көрсетілген. Дегенмен, сайлауға дейінгі соңғы екі аптада ол TikTok-та белсенді әрі агрессивті науқан жүргізді.

Оның риторикасында діни-мистикалық және мессиандық мазмұн басым: ол өзін христиандық уағызшы ретінде көрсетіп, «Христос төңірегінде бірігуге» шақырады, Румынияның бүкіл саяси табын сынға алады және «саясат емес, тарих жасауды» уәде етеді. Тіпті президенттікке де Джорджеску өз сөзінше, «барлық румын халқының атынан» түсіп жатқанын айтады, ал басқа саясаткерлер «тек өз партияларын ғана ұсынады».

Осындай риториканың арқасында Кэлин Джорджеску Румыния президенті сайлауының алғашқы турында 22,94% дауыс жинап, екінші орында тұрған кандидаттан шамамен 4%-ке озып кетті.

Сайлаудан кейін Джорджеску румын халқына, саяси тапқа және өзінің қарсыласына арнап 17 минуттық үндеу жасады. Ол өзіне тән мәнерде «елдің жардың шетінде тұрғанын», алда «өте қиын жыл күтіп тұрғанын, соның ішінде шынайы экономикалық сілкініс болатынын» мәлімдеді.

«Құрметті саясаткерлер, сіздер ел мүддесіне зиян келтіріп, осы тектоникалық плиталарды қозғалтып жібердіңіздер. Сондықтан мен әрдайым сіздерді өзара татуласуға және румын халқымен бейбіт келісімге келуге шақырдым», – деп Румынияның барлық саяси табына үн қатты.

Оның айтуынша, халық посткоммунистік кезеңдегі 35 жыл ішінде саясаткерлердің жасаған әрекеттеріне наразы, өйткені бұл әрекеттер «елді апатқа әкелді». Бірақ қазір румын халқы «қайта жанданып, осы жылдар бойы жоғалтқан қадір-қасиетін қалпына келтірді». «Құрметті халқым, біздің барлығымыздың ұлы, мәртебелі миссиямыз бар: біз, саясат жасамаймыз, тарих жасаймыз».

Ұлтшылдық

Джорджеску ұлтшыл көзқарастарымен танымал. Сайлауалды науқаны кезінде ол кез келген мәселені «румын халқының мүддесі» мен «румын халқының ар-ожданы мен мақтанышы» төңірегінде қарастырды.

Джорджеску дау тудырған беделге ие, өйткені ол Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Адольф Гитлердің саясатын қолдаған румын диктаторы маршал Ион Антонескуді және «Темір гвардия» фашистік партиясының жетекшісі, антисемит әрі румын ұлтшылы Корнелиу Зеля Кодрянуды мадақтаған.

Джорджеску Антонеску мен Зеля Кодрянуды Румынияның ұлттық батыры деп санайды және сол кезеңнің тарихы дұрыс түсіндірілмеген деп есептейді. Осы ұстанымдары үшін оған «легионерлер идеяларын насихаттау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды (Румынияда легионерлер деп «Темір гвардияның» мүшелерін және Антонеску мен Кодрянудың ізбасарларын атаған). Кейінірек, румындық БАҚ хабарлағандай, бұл іс жабылған.

NewsMaker
Кэлин Джорджеску

Сайлау нәтижесінен кейін Кэлин Джорджеску өзінің экстремизм мен антисемитизмге қатысты барлық айыптауларын жоққа шығарды. Ол сайлаудан кейінгі үндеуінде былай деді: «Мен румын халқына толықтай берілгенмін. Біз еуропалық құндылықтармен тығыз байланыстамыз, бірақ өз құндылықтарымызды қайта көтеруіміз керек. Мен экстремист емеспін, фашист емеспін, өз Отанын сүйетін румынмын […] Ең маңыздысы – румын халқы. Ол бірінші орында

Анти-НАТО

Кэлин Джорджеску НАТО-ны сынға алумен де танымал. Оның пікірінше, Румыния «тәуелсіз әрі еңселі ел» болуы керек. Ол НАТО-ның Девеселу коммунасындағы зымыранға қарсы жүйелерін орналастыруды «дипломатия масқарасы» деп атаған және олардың «Ресей шабуылы жағдайында қорған бола алмайтынын» мәлімдеген.

2022 жылы берген бір сұхбатында Джорджеску риторикасын жұмсартып, «Румынияның НАТО құрамында болуы – жақсы, бірақ бұл тек Румынияның мүддесіне сай болуы керек» деп атап өтті.

Украинаға қатысты сын

Сайлау қарсаңында Украинадағы соғыс туралы сұрақтарға жауап бере отырып, Джорджеску өз кандидаттығын Румыния үшін ұсынып отырғанын баса айтты. Ол Владимир Зеленскийді сынға алып, «адам өмірі кез келген амбициядан қымбат» деді.

Джорджеску Украинаға экономикалық және әскери көмек көрсетуге қарсы.

Путинге деген махаббат

Джорджеску батысқа қарсы ұстанымдары ғана емес, Ресей президенті Владимир Путинге деген сүйіспеншілігімен де танымал. Ол бұған дейін Путиннің өз елін сүйетінін және «дипломатиялық әдіс-тәсілдерді шебер пайдаланатынын» мақтаған. Джорджескудың айтуынша, Румыния осындай «орыс даналығынан» үлгі алуы керек.

Сайлау науқаны кезінде ол Путинді қолдайтыны туралы сұраққа жауап беруден бас тартып, бұл сұраққа жауап берудің қажеті жоқ деп мәлімдеген.

Алғашқы турдан кейін өзінің геосаяси көзқарасын түсіндіре отырып, Джорджеску былай деді: «Мен үшін Шығыс та, Батыс та жоқ – тек Румыния және халқымыз үшін бейбітшілік бар».

AUR және Шошоакэ

Кэлин Джорджеску Румынияның ультраоңшыл «Румындардың бірігу альянсы» (AUR) партиясымен байланыста болған. Партия көшбасшысы – унионист Джордже Симион да президенттікке үміткер болған және алғашқы турда төртінші орынға ие болған. Симион науқан кезінде Мәскеумен байланысы бар деп айыпталған. Ол Молдованың тәуелсіздігін мойындамайды, ал оған Молдова мен Украинаға кіруге тыйым салынған.

AUR бұған дейін Джорджескуды Румыния премьер-министрлігіне өз кандидаты ретінде ұсынған болатын. Бірақ кейінірек Джорджескудың Антонеску мен Зеля Кодрянуға қатысты пікірлеріне байланысты олардан бөлініп кетті.

Президенттік сайлауда Джорджескуды тағы бір ультраоңшыл саясаткер, Еуропарламент депутаты және S.O.S. Romania партиясының көшбасшысы Диана Шошоакэ қолдады. Ол радикалды мәлімдемелері мен эксцентрик мінез-құлқымен танымал. Румынияның Конституциялық соты оны президенттік сайлауға жібермеді.

Алғашқы тур нәтижесі жарияланғаннан кейін Джордже Симион Румынияның егемендігін қолдайтын күштердің жеңіске жеткеніне қуанышты екенін айтты және екінші турда кімге дауыс берсе де, премьер-министр және Социал-демократиялық партияның (PSD) кандидаты Марчел Чолакуға дауыс бермейтінін мәлімдеді. Сол сәтте, алдын ала есеп бойынша, Чолаку Джорджескумен бірге екінші турға өткен болатын. Бұл Симионның Джорджескуды қолдайтынын білдірді.

Дегенмен, дауыс толық саналғаннан кейін екінші турға Елена Ласкони өткен еді.

Елена Ласкони деген кім?

Екінші турда Джорджеску «Румынияны құтқару одағы» (USR) партиясының көшбасшысы Елена Ласконимен кездеседі. Ол дауыс беру нәтижелерін санаудың соңында Чолакуден небәрі 0,02% артық дауыс жинап, (19,17% қарсы 19,15%) алға шықты.

Румыниядағы сайлау: протест, TikTok, Путин және «көрінбейтін электорат». Кэлин Джорджеску жеңісінің құпиясы неде?
Елена Ласкони

USR өзін Румынияның «үшінші саяси күші» және екі ірі партия — PSD (Социал-демократиялық партия) мен PNL (Ұлттық либералдық партия) үшін балама ретінде ұсынады. Ласкони — бұрынғы журналист және Кымпулунг қаласының мэрі. Ол прогрессив және еуроатлантикалық көзқарасты ұстанады.

Сонымен қатар, оның кейбір мәселе бойынша ұстанымы консервативті болып көрінеді. Мысалы, журналистің сұрағына жауап бере отырып, ол «дәстүрлі отбасы» мен біржынысты некелерді заңдастыруға жол бермеу жөніндегі референдумда «қолдап» дауыс бергенін мойындады. Бұл шешім ЛГБТК+ қауымдастығының, USR-дің либералды жақтастарының және оның ЛГБТК+ қауымдастығының өкілі болып шыққан қызының сынына ұшырады. Ласкони қызының ориентациясы туралы білмегенін және бұл ол үшін тосынсый болғанын айтты.

Кейінірек ол USR-де «хетеросексуалдарға да, гейлерге де» орын бар екенін мәлімдеді. Ол біржынысты некелерді заңдастыруды қолдамайтынын, бірақ біржынысты жұптар үшін азаматтық серіктестікті заңдастыруға болады деп санайтынын айтты.

Қазіргі науқан кезінде Ласкони крест пен ұлттық киім киіп, неғұрлым консервативті сайлаушыларды тартуға тырысты.

Румынияның ірі партияларының жеңілісі

Бұл президенттік сайлауда жеңілгендер — PSD мен PNL, Румынияның екі ең ірі жүйелік саяси партиясы. Кейінгі екі жылда олар билік коалициясына кірді. Барлық сауалнама PSD кандидаты Марчел Чолакудың бірінші турдағы жеңісін болжаған. Кейбір сауалнама екінші турда оның PNL кандидаты Николае Чукэмен кездесетінін көрсетті. Алайда Чолаку 19,15% дауыс жинап, ал Чукэ 8,7% дауыспен бесінші орын алды.

Румыниядағы сайлау: протест, TikTok, Путин және «көрінбейтін электорат». Кэлин Джорджеску жеңісінің құпиясы неде?
Марчел Чолаку, Фото: Profimedia Images

Чукэ мен Чолаку бірінші турдан кейін өздерінің партияларындағы жетекші лауазымдарынан кетуге өтініш берді. Қызығы, Румыниядағы қазіргі президенттік сайлауда PSD кандидаты алғаш рет Чаушеску күйрегеннен кейінгі кезеңде екінші турға өте алмады.

Бұл қалай болды?

Протестік дауыс беру

Сарапшылардың пікірінше, Джорджескудың бірінші турдағы жеңісінің негізгі себептерінің бірі — протесттік антисистемалық дауыс беру. Халық қазіргі элита мен естеблишментке қарсы жаппай дауыс берді.

Румыниялық саяси сарапшы Михаил Исактың NM-ге берген сұхбатында, Джорджеску протесттік дауыстарды өзіне жинай алды: «PSD мен PNL коалициясы коронавирус пандемиясы кезінде халыққа ұнамаған шараларды қабылдады, бұл олардың рейтиңіне кері әсер етті».

Бірінші турға дейін протесттік дауыстарды Джордже Симион жинайды деп күтілген еді, бірақ ол туралы PSD-мен келісім жасасқан деген сыбыстар оның рейтиңіне соққы болды. Сарапшылардың айтуынша, Джорджеску сайлауға жіберілмеген Диана Шошоакэнің электоратын да тарта алды.

TikTok

Сарапшылар тағы бір себеп ретінде TikTok платформасын атайды. Джорджеску осы платформаны белсенді пайдаланды. Михаил Исак оның науқанын TikTok инфлюенсерлері қолдағанын атап өтті.

WatchDog сарапшысы Михаела Сирицану Джорджескудың қоғамдық пікірге манипуляция жасау үшін автоматтандырылған боттарды пайдаланғанын айтты: «Осы арқылы ол мейнстрим медианың назарынсыз және теледебаттарға шақырылмағанына қарамастан танымалдылығын арттырды».

Осы материал жарияланған уақытта Джорджескудың TikTok-та 300 мыңнан астам жазылушысы бар еді, ал оның видеолары миллиондаған қаралым жинады.

Молдованың БҰҰ және Еуропа Кеңесіндегі бұрынғы өкілі, саяси аналитик Алексей Тулбуре Джорджескудың «басқа бір әлемде» өмір сүргенін айтады: «Оны респектабельді баспасөзде, әлеуметтану ұйымдарында байқамады, бірақ ол TikTok әлемінде өмір сүрді. Бұл технологиялар біздің шын өмірді қабылдауымыздан озып кетуі мүмкін. Біз оған бейжай қарадық, бірақ оның бар екенін мойындау керек».

«Көрінбейтін электорат»

Румыниядағы қазіргі сайлау науқанының басты «соққыларының» бірі — сауалнама нәтижелері бойынша тіпті үздік бестікке кірмеген адамның жеңісі. Үнемі Марчел Чолаку, Елена Ласкони, Джордже Симион, Николае Чукэ және Мирча Джоанэ көш бастап тұратын. Ал Джорджеску бастапқыда сауалнамаларда мүлдем болмады, ал сайлауға екі апта қалғанда ол небәрі 5-6% жинады деп болжанған еді.

Михаела Сирицану мұны Джорджескудың сайлауға қатыспайтын электоратты жұмылдыруымен түсіндіреді: «Бұл электораттың ұстанымы сауалнамаларда көрініс таппады».

Социологтардың пікірінше, Джорджеску үшін дауыс бергендердің басым бөлігі әлі шешім қабылдамаған сайлаушылар болды, олар соңғы сәтте таңдау жасады. Сонымен қатар, Джорджеску жақтастары өз таңдауларын сауалнама жүргізушілерге айтпаған болуы мүмкін. Бұл экзит-полл нәтижесі мен сайлаудың нақты нәтижесінің айтарлықтай айырмашылығының себебі болуы ықтимал: экзит-полл бойынша Чолаку 25%-пен бірінші орында болды, ал Джорджеску 16%-пен тек үшінші орында тұрған еді.

Молдоваға сабақ

Румынияның осы сайлауында Молдова аумағында тұратын 86 мың румын азаматы дауыс берді, және олардың таңдауы Румыниядағы нәтижеден өзгеше болды: Молдовада сайлаушылардың шамамен 56%-і Елена Ласкони үшін дауыс берді. Ал Джорджеску Молдовада танымал болмағандықтан, небәрі 3,11%-пен алтыншы орын алды.

Сарапшылардың пікірінше, Румыниядағы сайлау және Джорджескудың сенсациялық табысы Молдоваға сабақ болуы керек. Алексей Тулбуренің айтуынша, ең алдымен, бұл сабақты саяси элита қабылдауы тиіс. Мемлекетті басқарғанда нәтижені көрсету және азаматтардың сенімін сақтау қажет: «Егер дәстүрлі саяси элита құлдыраса, салдары болжап білуге келмейтін жағдайларға алып келуі мүмкін».

Михаил Исак пікірінше, қазіргі науқанның басты сабағы — демократия үшін күн сайын күресу керек және бұл күрес ешқашан аяқталмайды. Сонымен қатар Исак саяси тапқа халықтың қажеттіліктерін жақсырақ түсініп, оларға көп көңіл бөлу керек екенін атап өтті.

Михаела Сирицану науқанның бір сабағы — дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары бұрынғыдай тиімді емес екенін айтады: «Цифрлық кеңістікті ескере отырып, сайлау науқандарын өткізу ережелерін қайта қарау қажет. Әлеуметтік желілердегі сайлау науқандарын реттеу және бақылау қажет».

Екінші турда кім жеңеді?

Джорджескуның бірінші турдағы табысына қарамастан, сарапшылар оның екінші турда жеңетініне сенімді емес. Исактың пікірінше, еуропашыл электорат өз күшін біріктіріп, ультраоңшыл күштердің жеңісіне жол бермейді: «Бұл 2000 жылы болған, сол кезде Румыниядағы президенттік сайлауда PSD атынан Ион Илиеску ультраоңшылдардан келген Корнелиу Вадим Тудорға қарсы шыққан».

Исак бірінші турдағы ультраоңшыл кандидаттың жеңісі — Молдова мен Румыния демократиясы үшін алаңдауға тұрарлық нышан болғанымен, бұл жалпы еуропалық трендтің, яғни ультраоңшылдар мен популистердің өсуінің бір бөлігі екенін айтады. Егер Джорджеску екінші турда жеңіп жатса, бұл Кишинев пен Бухарест арасындағы қатынастарға теріс әсер етуі мүмкін.

Михаела Сирицану Ласкони кандидатының айналасында еуропашыл күштердің бірігуі басталғанын атап өтті. «Джорджеску жеңген күннің өзінде оның қолында бүкіл билік болмайды, көп нәрсе парламентке байланысты», — деп қосты сарапшы.

1 желтоқсанда Румынияда парламенттік сайлау өтті. Сирицанудың айтуынша, президенттік сайлаудың бірінші турынан кейін екі үлкен партиялық топ құрылды, USR бастаған еуропашылдар және AUR мен S.O.S. Romania бастаған ультраоңшылдар заң шығарушы органдағы ықпал үшін таласты.

Президенттік сайлаудың екінші туры 8 желтоқсанда өтеді. Молдова билеуші партиясы PAS, оның жетекшісі Игорь Гросу арқылы, Кэлин Джорджеску — «өте оңшыл кандидат, ол бұрын неофашистік топтарға және Ресейдің диктаторы Владимир Путинге қолдау білдірген» билікке келуін болдырмау үшін Елена Ласкониге дауыс беруге шақырды.

Молдавское независимое онлайн-издание для тех, кому не все равно.

Factcheck.kz