Ресей соты дипфейк видеоны авторлық құқық объектісі деп тапты

Танымал актерлермен дипфейк видео жасайтын «Рефейс Технолоджис» компаниясы Roistat (“Бизнес-аналитика” ЖШҚ) аналитика сервисіне қарсы сот ісін жеңді. Бұл туралы Securitylab сайты хабарлады.

Roistat аналитикалық қызметі «Рефейс Технолоджис» компаниясының видеосын өзінің жарнамасында рұқсатсыз қолданған. Сот Roistat аналитикалық қызметін «Рефейс Технолоджис» компаниясына тиесілі видеоны қолданып, авторлық құқықты бұзғаны үшін 500 мың рубль (2 465 000 теңге) өтемақы төлеуге міндеттеді.

Сот процесінде қарастырылған дипфейк видеода канадалық актер Киану Ривздің түрі бейнеленген. Видеода ол үтікті өшіргенін не өшірмегенін тексеріп, үйінен кете алмайды. Кейін, қолына үтікті ұстап, кетіп қалады. Видеоны Agenda Media Group әзірлеп, «Рефейс Технолоджис» компаниясына берген еді. Кейін телеграм арналардың бірінде Roistat жарнамасында қолданылған.

AMG компаниясының СЕО қызметкері Алексей Парфун Roistat компаниясына сотқа жүгінбес бұрын шағымданған. Алайда олар жауап беруден бас тартқан. Парфунның айтуынша, Roistat компаниясы “нейрон желілілердің өнімдері авторлық құқықпен реттелмейді, оны алуға және пайдалануға болады” деп мәлімдеген. Парфун мұндай жауапқа разы болмай, сотқа жүгінген.

Сот видеода дипфейк технологиясы қолданылғанына қарамастан, видео авторлық құқық объектісі екенін мойындады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz