“Панданы құшақтайтын” мамандықтың бары рас па?

Желіде Қытайда панданы құшақтайтын маман іздеп жатқаны туралы ақпарат тарады. “Проверено” басылымы мұндай мамандықтың бар-жоғын тексеріп көрді.

Бұл қызмет туралы ақпарат бірнеше жылдан бері бірқатар жерге жарияланған (1, 2, 3). Мәселен, “Проверено” фактчекерлері дәл осы мағлұматтың 2014 жылы China Daily басылымына жарияланған нұсқасын тапты.

Ондағы ақпар бойынша, қызметкерді Қытайдың Яань қаласындағы алып пандаларды қорғау және зерттеу орталығы іздеп жатыр. Олар міндеті мен жалақысын жазған, бірақ онда құшақтауға қатысты ештеңе айтылмаған. Жұмыс берушілер: Сіздің жалғыз міндетіңіз бар. 365 күн пандалармен бірге болу және олардың қайғысы мен қуанышын бөлісу, – деген.

Фактчекерлер материалды жазып жатқанда орталықтың және оның филиалдарының ресми сайтынан ешқандай вакансия таппады. Оған қоса онда панданы құшақтаумен айналысатын мамандары туралы да ақпарат жоқ.

Чэндудағы алып пандаларды бағуға арналған зерттеу базасының сайтында қызметкерлері туралы жазылған. Кейбір жұмысшының сүйкімді пандалармен түскен суреті де бар, бірақ онда олардың міндеті тек панданы құшақтау емес, оларға тамақ беру (пандалар күніне 11-38 келі бамбук жейді), жаңа туған пандаларды күту, олардың орнын тазалау екені жазылған.

Кішкентай пандаларды бағатын Чэнду қаласындағы базада істейтін Уань Шунжие Time газетіне берген сұхбатында жұмысының басты артықшылықтарының бірі осы жануарлармен үнемі құшақтаса алатыны екенін айтты, бірақ ол жұмысындағы басқа да қиын міндеттерін атап өтті.

2023 жылғы наурызда Гуанчжоу хайуанаттар бағындағылар қызметкер табу қиын екенін мәлімдеді. Себебі панданы бағу көбі ойлағандай оңай емес екен.

2019 жылы Қытай Мәскеу хайуанаттар бағына екі алып панданы сыйға тартты. Сол кезде журналистер директор Светлана Акуловадан “Пандаларды құшақтайтын мамандарды жұмысқа аласыздар ма?”, – деп сұрайды. Оған хайуанаттар бағының басшысы: «Мұндай мамандық жоқ, ол қалжың ғой, панданы құшақтауға болмайды. Панда — үлкен тісі мен тырнағы бар жабайы жануар», – деп жауап берді. Чэнду қаласындағы панда бағатын базаның қамқоршысы Ян Куйсин бұл пікірді қолдады. Олардың айтуынша, адамдарға екі жастан асқан пандаларға жақындауға, құшақтауға болмайды, себебі бұл жастан кейін олар қатігез болады.

Кішкентай пандалардың күтушісінің аяғына жабысып, құшақтап алатыны бейнеленген фотолардың бар екені рас. Бірақ мұндай кездер қызметкерлер үшін қауіпті, себебі пандалар аяғын тістеп алуы мүмкін.
Осылайша, пандаларды құшақтаумен айналысатын мамандардың бар екені жалған ақпарат. Панданы құшақтауға да болмайды. Олар жабайы жануар болған соң, адамды жарақаттауы мүмкін.

Factcheck.kz