OpenAI бірнеше елде Operator атты ЖИ агентін іске қосты

OpenAI компаниясы Operator атты жасанды интеллект агентін ChatGPT Pro жазылушылары пайдалана алатынын жариялады. Агент Австралия, Бразилия, Канада, Үндістан, Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және басқа елдерде қолжетімді. Бұл туралы TechCrunch жазды.

Operator қызметі ChatGPT қолданатын елдердің басым бөлігінде қосылады. Алайда бұл қызмет Еуропалық одақ, Швейцария, Норвегия, Лихтенштейн және Исландияда жұмыс істемейді.

Operator — 2025 жылғы қаңтарда АҚШ-та іске қосылған ЖИ агенті. Ол қолданушылардың атынан билет брондау, мейрамханадан орын алу, шығындар есебін тапсыру, онлайн дүкендерден тауар сатып алу сияқты тапсырмаларды орындайды. Әзірге Operator айына 200 доллар тұратын ChatGPT Pro тарифінің жазылушыларына ғана жұмыс істейді. Қызметті тек арнайы веб-парақша арқылы қолдануға болады. Алайда, компания болашақта агентті барлық қолданушыға іске қосуды жоспарлап отыр.

Operator тапсырмаларды орындау үшін жеке браузерде жұмыс істейді. Қолданушылар браузерге кез келген уақытта кіріп, тапсырмаларды бақылай алады.

Контекст

Жасанды интеллект агенттері нарығында бәсекелестік жоғары. Былтыр желтоқсанда Google желідегі тапсырмаларды орындайтын Project Mariner деп аталатын алғашқы жасанды интелект агентін таныстырды. Google-дің айтуынша, ЖИ агентін әзірге алдын-ала таңдалған шағын топ тексеріп көреді.

Журналист

Factcheck.kz