Google адамды алмастыратын алғашқы ЖИ агентін ұсынды

Google желідегі тапсырмаларды орындайтын Project Mariner деп аталатын алғашқы жасанды интелект агентін таныстырды. Gemini негізіндегі агент Chrome браузерін адам сияқты қолданады, яғни курсорды экранда жылжытып, түймелерді баса алады. Бұл туралы TechCrunch жазды.

Google-дің айтуынша, ЖИ агентін әзірге алдын-ала таңдалған шағын топ тексеріп көреді.

TechCrunch басылымына Google өкілі Project Mariner жұмысын көрсеткен. ЖИ орнатылғаннан кейін Chrome-да сөйлесу терезесі пайда болады. Онда сіз мысалға, агентке тізім бойынша азық-түлік дүкенінен заттарды сатып алу себетіне қоюды тапсыра аласыз. Агент алдымен азық-түлік дүкенінің уеб-сайтына өтеді, керек заттарды іздейді, сосын виртуал себетке қосады.

Агент тапсырманы баяу орындаған, әр қимылының арасында шамамен 5 секунд кідіріс болған. Арасында ол сөйлесу терезесіне оралып “қанша сәбіз керек” дегендей ақпараттарды сұраған.

Бұдан бөлек, Project Mariner әуе билеттері мен қонақүй табу, тұрмыстық зат сатып алу, рецепт табу сынды нәрселерді орындауға қолданылуы мүмкін. Google өкілі Project Mariner агенті cookie файлдарын сақтамайды және қызмет көрсету шарттары туралы келісімге қол қоймайды дейді. Осылайша Google пайдаланушыларға агентті көбірек бақылауға мүмкіндік береді.

Алайда Project Mariner Chrome-ның басты бетінде ғана жұмыс істейді, яғни агент жұмыс істеп тұрған кезде компьютерді басқа мақсатта пайдалана алмайсыз. Өйткені оның сайт беттерінде курсорды қалай қозғалтып жатқанын қадағалауыңыз керек. Google DeepMind компаниясының техникалық директоры Корай Кавукчуоглу “бұл – пайдаланушылардың ЖИ агентінің не істеп жатқанын бақылауына керемет тәсіл” дейді.

Project Mariner кең аудиторияға қашан ұсынылатыны әлі белгісіз. Басылым жазғандай, ЖИ агенттері тек адамдар пайдалана алатындай етіп жасалған, бірақ жаңа технологиялар бұл стандартты өзгерте алады.

Журналист

Factcheck.kz