Оңтүстік Корея соты биліктен уақытша шеттетілген ел президенті Юн Сок Ельді тұтқындауға ордер берді. Бұл – мемлекет басшысын қызмет барысында қамауға алған алғашқы оқиға. Бұл туралы Азаттық Радиосы жазды.
Yonhap агенттігінің дерегінше, Сеул соты Юнды 3 желтоқсанда қысқа мерзімді әскери жағдай жариялау, бүлік ұйымдастыру және билікті асыра пайдалану айыптары бойынша қамауға алу ордерін шығарған. Тінту жүргізуге де бұйрық берілген. Бірақ президент Юн Сок Ель тергеуге үш рет шақыртылса да бармай қойған.
Таяу арада прокуратура президентті тұтқындау туралы қаулыны орындауға кіріседі деген болжам бар.
Контекст
Президент Юн Сук Ель 3 желтоқсанда кейінгі 45 жылда алғаш рет “соғыс жағдайын” енгізді. Юнның сөзінше, бұл елге қауіп төндіретін, конституциялық тәртіпке нұқсан келтіретін “мемлекетке қарсы күштермен” күресуге бағытталған.
Ал Оңтүстік Кореяның басты оппозициясы Демократиялық партия президенттің бұл шешімін “мемлекеттік төңкеріс” деп атап, бұйрықты дереу жоюды талап етті. Ұлттық Ассамблея бұйрыққа қарсы дауыс беріп, парламент ғимаратында наразылықтар басталды. Бірнеше сағаттан соң Оңтүстік Корея президенті әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді.