Мәскеудегі қазақ қауымдастығының жетекшісі Полат Джамаловқа “Ресей әскері туралы жалған ақпарат тарату” бабы бойынша айып тағылып, сот бұлтартпас шара түрін белгіледі. Бұл туралы Мәскеудің жалпы юрисдикция соты хабарлады.
Шешімді Мәскеудің Останкин аудандық соты шығарды. Олар Джамаловқа белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салды, бірақ нақты қандай әрекет екені ашық жазылмаған.
Тергеу органдарының мәліметі бойынша, Джамалов “өз әрекеттерінің заңға қайшы және қоғамға қауіпті екенін біле тұрып, Ресей әскері мен биліктің беделіне нұқсан келтіретінін түсіне отырып интернетте шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат” жариялаған.
Айта кетері, Полат Джамаловқа қатысты қылмыстық іс 2023 жылғы қыркүйекте қозғалған. Оған Джамаловтың “2022 жылғы тамызға дейін Украинада Ресейдің 48 759 солдаты өлген” дейтін құжат фотосын Facebook парақшасына шығарғаны себеп болған.