Қаңтарда Meta корпорациясы өз платформаларында тәуелсіз фактчек жүйесін тоқтататынын мәлімдеді. Оның орнына X желісіне ұқсас «Community Notes» («Қауымдастық жазбалары») жүйесі енгізілмек. 18 наурыздан бастап компания жаңа жүйені америкалық қолданушылар арасында сынақтан өткізе бастады.
Бұл шешім жалған ақпараттың таралуын зерттейтін мамандарды алаңдатты. Марк Цукербергтің мәлімдемесінен кейін Nature ғылыми журналы сарапшылармен сөйлесіп, олардың пікірін білді. Factcheck.kz басылымы материалды шолып шықты.
Фактчектің жағымды әсері
Адамдарды ақпараттың шынайылығына сендіру тұрғысынан алғанда, «фактчекиң шынымен де тиімді» дейді Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің әлеуметтік психологы Сандер ван дер Линден. Ол 2022 жылы Meta-ның үшінші тарап арқылы жүргізілетін фактчек бағдарламасына ақысыз кеңесші ретінде қатысқан.
Оның айтуынша, зерттеулер фактчектің жалған ақпараттан туындаған қате түсініктерді «ішінара азайтатынын» көрсетеді. Мысалы 2019 жылы 20 мыңнан астам адам қатысқан мета-зерттеу фактчектің саяси көзқарастарға «айтарлықтай оң әсер ететінін» анықтаған.
«Идеал жағдайда басынан-ақ адамдардың жалған ақпаратқа сенбеуін қалар едік. Бірақ біз жалған ақпаратқа сенген аудиториямен жұмыс істеуге мәжбүр болсақ, оны азайту – қолымыздан келетін ең жақсы қадам», – дейді ван дер Линден.
Бірақ Нью-Йорк университетінің психологы Джей Ван Бейвел «фактчекиң саяси мәселе ушыққан кезде онша тиімді болмауы мүмкін» деген пікір айтады. Ол бұған мысал ретінде Ұлыбританиядағы Brexit пен АҚШ-тағы сайлауларды келтіреді.
«Бұл белгілі бір саяси көзқарастағы адамдар өз партиясын нашар жағынан көрсететін ақпаратқа сенгісі келмейтінінен болады», – деп түсіндіреді сарапшы.
Дегенмен «мұндай жағдайларда да фактчекиң бәрібір пайдасын тигізуі ықтимал» дейді бұрынғы фактчекер, қазір Нью-Йорктегі Cornell Tech зерттеу орталығындағы қауіпсіздік, сенім және қорғау бастамасын басқаратын Алексиос Мантзарлис.
Қазіргі уақытта Meta платформаларында фактчекерлер жалған деп таныған мақалалар мен жазбалар арнайы белгімен көрсетіледі. Мантзарлистің айтуынша, бұл контенттің таралу ауқымы да қысқарады, әрі қолданушылар көбіне белгі қойылған материалды оқудан және таратудан бас тартады.
Біржақтылық па, әлде қарапайым статистика ма?
Цукербергтің фактчекерлер бейтарап емес дегенін Ван Бейвел де мойындайды. Ол Meta платформаларында оңшыл көзқарасты ұстанатын топтан тараған жалған ақпарат солшылдарға қарағанда жиірек тексеріліп, күмәнді деп белгіленетініне келіседі.
«Негізінен мәселе консерватив жалған ақпараттың кеңінен таралуында. АҚШ-та бір саяси топ жалған ақпараттың басым бөлігін таратса, фактчекерлер соларды жиірек тексеруге мәжбүр болады. Сондықтан бұл процесс сырттай біржақты болып көрінуі мүмкін», – дейді психолог.
Бұл сөзді растайтын деректер де бар. Nature журналында 2024 жылы жарияланған зерттеу көрсеткендей, X желісінде оңшыл көзқарастағы қолданушылар либералдардан гөрі жиірек бұғатталған. Сонымен бірге олар жаңалық сайттарындағы күмәнді контентті жиі бөліскен. Мұндай сайттарды зерттеуге қатысқан бейтарап аудитория сенімсіз ақпарат көздері деп бағалаған.
Іске асыру әдісі маңызды
Meta басшысы Марк Цукерберг үшінші тараптың фактчек жүйесінің орнына X платформасындағы «Community Notes» («Қауымдастық жазбалары») үлгісіне ұқсас жүйені енгізуге болатынын мәлімдеді. Бұл жүйеде қолданушылар өздері жазбаларға түзетулер мен қосымша контекст қосады (жүйенің қалай қолданылатыны әртүрлі саяси көзқарастағы адамдардың келісіміне байланысты — ред.).
Зерттеулер мұндай тәсілдердің белгілі бір деңгейде тиімді болатынын көрсетеді. Алайда нәтиже іске асыру әдісіне тікелей тәуелді.
«X-тағы жүйенің жұмысы аса тиімді емес», — дейді ван дер Линден. Ол былтыр жүргізілген зерттеуге сүйеніп, «Қауымдастық жазбалары» көбіне проблемалы посттарға тым кеш қосылатынын, сол кезде жалған ақпараттың кең таралып үлгеретінін айтты.
«Краудсорсиң – пайдалы шешім, бірақ оның нәтижесі жүзеге асырылу жолына байланысты. Фактчекиңді «Қауымдастық жазбаларымен» алмастыру жағдайды одан әрі қиындатуы мүмкін», — деп қорытындылайды ван дер Линден.
Контекст
Бұған дейін Халықаралық фактчекиң желісі (IFCN) және еуропалық фактчекиң стандарттары желісі (EFCSN) Meta-ның фактілерді тексеру жүйесін жою шешімін айыптап, Марк Цукербергтің онлайн цензураның көбейгені туралы мәлімдемесін сынға алды.