Meta 18 наурыздан бастап АҚШ-тағы Facebook, Instagram және Threads пайдаланушыларына арналған Community Notes жүйесін іске қоспақ. Бұл туралы TechCrunch хабарлады.
Meta басшылығы Community Notes функциясын алдымен АҚШ-та іске қосуға баса назар аударып отыр. Бұл – компания үшін аса маңызды нарық, сондықтан жаңа функцияны сынау барысында үлкен тәуекел бар. Алайда Meta компаниясы Community Notes функциясын Еуропалық Одақ сияқты аймақтарға енгізуге асықпайтын секілді, себебі қазіргі уақытта Еуропалық комиссия X платформасындағы осы функцияның тиімділігін тексеріп жатыр.
Бұл қадам Марк Цукербергтің Трамптың көңілінен шығуға тырысуын да білдіруі мүмкін. Себебі бұрын Трамп пен жақтастары Meta-ны консерватив көзқарастарды цензуралады деп айыптаған. Қаңтарда Цукерберг тәуелсіз фактчектен бас тартып, Meta платформаларында пікір еркіндігіне көбірек мүмкіндік беретінін хабарлады.
Meta 2016 жылдан бері тәуелсіз ұйымдармен бірге ақпараттың дұрыстығын тексеріп келген. Алайда Meta-ның мемлекеттік саясат жөніндегі вице-президенті Нил Поттстың айтуынша, бұл жүйе көбіне біржақты, шектеулі және қателіктерге толы болған.
Meta Community Notes жүйесі қателіктерді азайтып, әділеттілікті қамтамасыз етеді деп үміттенеді. Бұл жүйе компанияның жалған ақпаратпен күресін оңайлатып, тиімділігін арттыруға тиіс. Дегенмен функция рұқсат етілмеген контентті анықтайтын Community Standards ережелерін алмастырмайды.
Science Advances журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, пайдаланушылар Community Notes жүйесіне үшінші тараптың фактчекерлеріне қарағанда көбірек сенеді.
Люксембург университетінің зерттеуі Community Notes белгісі қойылған жазбалардың жалған ақпарат тарату ықтималдығы 61%-ға төмендегенін көрсетті. Бірақ Community Notes-та түрлі көзқарастағы қатысушылардың келісімі қажет болғандықтан, түзетулер кешігіп, жазба көпшілікке таралып кеткеннен кейін ғана жариялануы мүмкін. Сол зерттеуде Community Notes постың дұрыс не бұрысын жариялауға үлгермейтіні айтылған.
Center for Countering Digital Hate жүргізген зерттеу де осы мәселенің маңызын көрсетеді. Ғалымдар X платформасындағы сайлау туралы жалған ақпарат бар жазбаларды зерттеп, 81% жағдайда пайдаланушылар осы жазбаларға нақты және маңызды ақпарат ұсынғанын анықтады.
Алайда ұсыныс берілген жазбалардың тек 9%-ы ғана пайдаланушылар арасында ортақ келісімге ие болған. Бұл жазбалардың басым көпшілігіне фактчек жүргізілмей, жалған ақпарат сол күйі қалғанын білдіреді.
Бұған дейін Халықаралық фактчекиң желісі (IFCN) және еуропалық фактчекиң стандарттары желісі (EFCSN) Meta-ның фактілерді тексеру жүйесін жою шешімін айыптап, Марк Цукербергтің онлайн цензураның көбейгені туралы мәлімдемесін сынға алған.