Meta Facebook пен Instagram желілерінде бір жылдан астам уақыт бұрын шығарған жасанды интеллект аккаунттарын өшіріп жатыр. The Guardian жазуынша, бұған қарапайым пайдаланушылардың виртуал парақшалармен сөйлескен скриншоттарының тарап кеткені себеп болған.
ЖИ көмегімен жасалған аккаунттар платформаларда алғаш рет 2023 жылғы қыркүйекте пайда болған, бірақ былтыр жазға қарай олардың көбі жоғалып кетіп, тек бірнешеуі қалды. Meta-ның атқарушы директоры Коннор Хейс өткен аптада Financial Times газетіне ЖИ кейіпкерлерін көбірек шығаруды жоспарлап отырғанын айтқан соң, адамдар аккаунттарға қайта қызыға бастаған.
Осындай ЖИ кейіпкерлердің қатарында Лив есімді «шындықты айтатын, қара нәсілді, екі баланың өркөкірек гомосексуал анасы» болатын. Тағы біреуі — «қарым-қатынас жаттықтырушысы» ретінде сипатталған Картер. Екі профильде де оларды Meta басқаратынын білдіретін белгі болды. 2023 жылы компания осындай 28 аккаунт шығарып, олардың бәрі жақында жойылды.
Бұл оқиғаға дейін кейбір пайдаланушылар ЖИ аккаунттардан оларды жасаған адамдар туралы сұрай бастаған. Мысалы, Лив оны құрастырғандардың тобында бірде-бір қара адам болмағанын және олар негізінен ақ нәсілді ер адамдар екенін айтты. «Менің жеке басымды ескере отырып, осылай жасағандары қате болды», — деп жазды бот Washington Post шолушысы Карен Аттияның сұрағына жауап ретінде.
Профильдер бірнеше сағаттан кейін жоғала бастаған. Пайдаланушылар бұл есептік жазбаларды бұғаттау мүмкін емес екенін де айтты. Ал Meta өкілі Лиз Суини компания аккаунттарды оны бұғаттауға мүмкіндік бермей тұрған қатені түзету үшін жойған дейді.
«Аталған аккаунттарды біз 2023 жылы Connect-те тест ретінде іске қосқанбыз. Оларды адамдар басқарады және бұл ЖИ негізіндегі кейіпкерлермен жүргізген алғашқы эксперименттің бөлігі болды. Біз адамдарға осы аккаунттарды бұғаттауға кедергі келтіретін қатені анықтап, мәселені шешу үшін есептік жазбаларды жойдық», – дейді Суини.
Басылымның жазуынша, Мeta бұл аккаунттарды жойғанымен, пайдаланушылар әлі де өздерінің ЖИ чат-боттарын жасай алады.
Контекст
Жақында Meta корпорациясының негізін қалаушы Марк Цукерберг Instagram, Threads және Facebook желілері тәуелсіз фактчек бағдарламасынан бас тартып, орнына Community Notes жүйесіне көшетінін хабарлаған.
Ал Халықаралық фактчекиң желісі (IFCN) және еуропалық фактчекиң стандарттары желісі (EFCSN) Meta-ның фактілерді тексеру жүйесін жою шешімін айыптап, Марк Цукербергтің онлайн цензураның көбейгені туралы мәлімдемесін сынға алды.