Әзербайжанда оннан астам журналист пен оппозиционер ұсталды

Әзербайжанда тәуелсіз Toplum TV интернет-телеарнасының тоғыз журналисі және үш белсенді ұсталды. Бұл туралы “Азаттық Радиосы” хабарлады.

Полиция Toplum редакциясын тінтіп шыққан. Кейін журналистің кейбірін кеңседе, қалғанын үйінен ұстап әкеткен. Олардың ұсталғанын Азаттық радиосы мен BBC телеарнасына туыстары хабарлаған. Әзербайжан ІІМ әзірге ешқандай мәлімет бермей отыр.

Журналистердің туыстарының айтуынша, оларды полиция алып кеткен, содан бері байланыс жоқ. Тәуелсіз интернет-телеарнаның бас редакторы Хадиджа Исмаилдың мәлімдеуінше, қудалауға не себеп болғаны белгісіз, Toplum-ға қарсы іс қозғауға заң тұрғысынан ешқандай негіз жоқ.

«Біздің ешқандай қылмысқа, ешқандай заңға қайшы әрекетке қатысымыз жоқ. Бұны елде жүріп жатқан қуғын-сүргіннің кезекті қадамы деп білеміз», – дейді бас редактор.

Азаттықтың Әзербайжан қызметінің хабарлауынша, Toplum қызметкері Фарид Исмаилилов үйінде ұсталған. Журналистің туыстарының айтуынша, тінту кезінде үш мыңнан астам еуроны тәркілеген.

Ал ұсталған үш белсенді – Акиф Гурбанов, Араз Әлиев және Руслан Иззетли «III Республика тұғырнамасы» қоғамдық қозғалысының мүшесі. Ұйым президент билігін шектеуді, Әзербайжанда парламенттік басқару формасын енгізуді ұсынады. Қозғалыс кеңсесі де тінтілген.

Factcheck.kz