Өзбекстанда жасөспірім қыздың үштен бірі күйеуі әйелін ұруға құқығы бар деп санайды

Өзбекстанда 15-19 жас аралығындағы қыздардың 33%-і күйеуінің әйелін ұруға құқығы бар деген пікірде. Бұл туралы ЮНИСЕФ хабарлады. Ұйым елде жүргізілген көп индикаторлы сауалнама (MICS) деректеріне сүйенген.

10 қазанда Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігі, Өзбекстанның әділет министрлігі және ЮНИСЕФ қоры дөңгелек үстелге жиналып, отбасыдағы зорлық-зомбылық мәселесін талқылады. ЮНИСЕФ ұсынған сауалнама нәтижесі бойынша, Өзбекстанда 1-14 жас аралығындағы үш баланың екеуі (62%) зорлық-зомбылық арқылы тәрбиеленген болып шықты. Олар физикалық жазаға не психология агрессиясына ұшыраған.

Дөңгелек үстелге қатысқандар Өзбекстан билігін балаларды зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғайтын заң жобасын қабылдау үшін ұлттық деңгейде жедел әрі батыл әрекет етуге шақырды. Олардың айтуынша, бұл заң — Өзбекстан балалары үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта құрудағы маңызды қадам.

Заң жобасы іске асса, қауіпсіздік деңгейі артады, құқық кепілдіктері күшейеді және зорлық-зомбылықтан қорғайтын отбасылық кеңес, психикалық денсаулық, психоәлеуметтік қолдау, өмірде қажет дағдыларды үйрену, қауіпсіз баспанаға ие болу сияқты қолдау жүйелері жақсарып, Өзбекстандағы қыздар мен ұлдарға пайдасын тигізеді.

ЮНИСЕФ қоры

Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігі директорының бірінші орынбасары Шахноза Мирзиёева қазір Өзбекстандағы отбасыларда зорлық-зомбылық жиі кездесетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, 2023 жылдың басынан бері Өзбекстанда кәмелетке толмағандарға қатысты 1 240 зорлық-зомбылық, оның ішінде 417 жыныстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Зорлық-зомбылық салдарынан 22 бала қайтыс болған.

Зорлық-зомбылық баланың құқығын өрескел түрде бұзып қана қоймай, оның қалған өміріне әсер етеді. Біз осы өткір мәселені үнсіз ғана қабылдауды доғарып, қоғамдағы көзқарасты өзгерткіміз келеді.

Шахноза Мирзиёева, Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігі директорының бірінші орынбасары

ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Регина Де Доминисис балаларды зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғауға арналған жаңа заң жобасы Өзбекстандағы балалардың өмірін өзгертетінін, қорғайтынын айтады.

Заң жобасының құрылымы мен мақсаты қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, Өзбекстандағы барлық баланың өмірін өзгерте алатын күш болуы керек. Сол себепті ол балалардың құқығын қорғаудың ең жоғарғы стандарттарын көрсеткені дұрыс.

Регина Де Доминисис, ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры
Factcheck.kz