Қолданушылардың мәліметін ұрлағаны үшін Google-дың үстінен арыз түсті ме?

Интернетте “Миллиондаған қолданушының мәліметін ұрлағаны және автор құқығын бұзғаны үшін АҚШ-тың Калифорниядағы сотына Google-дың үстінен арыз түсті. Компания мұндай қылмысқа жасанды интеллектісін әзірлеу үшін барды” деген ақпарат тарады. Factcheck.kg деректі тексеріп көрді.

Шынымен де 2023 жылғы 11 шілдеде Clarkson заң фирмасы Google-ға, оның бас компаниясы Alphabet-ке және Google-дың жасанды интеллект саласына қатысты DeepMind компаниясына қарсы Калифорния сотына арызданған.

Біз бәріміз жасанды интеллектінің күшіне сенеміз. Қауіп-қатерді де түсінеміз. Бұл біздің жеке басымыз бен идеяларымызды қорғау, жаңа қауіпсіздік шараларын орнату және жасанды интеллектімен бірге болашаққа дайындалу үшін бас қосуға мүмкіндігіміз. Clarkson Open AI мен Google-дан барлық жасанды интеллект өнімін коммерциялық мақсатта пайдалануын уақытша тоқтатуды және осы қуатты технологияны дұрыстап үйлестіруді сұрайды.

Clarkson заң фирмасының сайтындағы үндеуі

Арыз 2023 жылғы 1 шілдеде Google құпиялық саясатын жаңартқаннан кейін сотқа берілген. Себебі олардың жаңа ережесі бойынша, енді компания Bard, Cloud AI және Google Translate сияқты әртүрлі жасанды интеллект қызметін әзірлеу және дамыту үшін интернеттегі жалпығы ортақ, ашық деректерді пайдаланады.

Ал заң фирмасы арызында “миллиондаған америкалықтың” көп жылдан бері интернетке жариялаған ақпарат рұқсатсыз Bard чат-боты сияқты жасанды интеллектіні әзірлеуге қолданылып жатқанын, автор құқығы бұзылып жатқанын мәлімдеген.

Айта кетейік, Clarkson заң фирмасы бұған дейін ChatGPT-ді әзірлеген Open AI компаниясына қарсы шағымданған.

Осылайша, “миллиондаған қолданушының” мәліметін жасанды интеллектіні әзірлеуге қолданғаны үшін Google-дың үстінен арыз түскені рас.

Factcheck.kz