2023 жылғы қазанның соңында желіде баланың мәйітін қолында ұстап тұрған ер адам бейнеленген видео тарап кетті. Оның сипаттамасында израильдық сарбаздардың баланың басын кесіп алып, орнына бейнекамера салып жібергені жазылған. Видеодағы ер адам баланың әкесі деседі. “Проверено” фактчекерлері деректі тексерді.
Бұл видео Tiktok-та тарап, миллионнан астам рет қаралды. Тіпті, адамдар оған реакция түсіре бастады.

Көбі видеоның қысқа, бұлыңғыр үзіндісін жариялаған. Оған қарап, онда не болып жатқанын нақты айту қиын. Дегенмен кейбірі видеоның толық нұсқасын бөліскен. Роликтің бұл нұсқасы — жаңалық эфирі, себебі онда араб тілінде ақпарат тарататын Al-Ghad TV телеарнасының логотипі бейнеленген.
Аl-Ghad TV телеарнасы өз бейнелерін YouTube желісіне жүктейді. Онда сіз вирустық бейненің толық нұсқасын таба аласыз, бірақ авторлар баланың денесін ғана емес, оның айналасындағы адамдардың да түрін бұлыңғырлатқан. Шамамен 2,5 минутқа созылған видео 13 қазанда жарияланған.
Дәл осы тараған фрагментті телеарна да қолданған. Жүргізуші оқиға орнынан тікелей эфирге шыққан, бірақ өзі пікірін айтпаған. Ал 6 минутқа созылған трансляция үзіндісі де YouTube-қа 13 қазанда жарияланды. Онда ер адамның жедел жәрдем көлігінің жанындағы адамнан баланың мәйітін алып, жақын жерде біраз тұрып, баланың басы жоқ денесін жоғары көтеріп, қалың жұрттың арасына кіретіні анық көрсетілген. Кейін ер адам көпшіліктің жанынан кетіп, аурухана маңында біраз тұрады.
Кадр сыртында араб тілінде сөйлеп жатқан комментатор Израильдың бірқатар әуе шабуылы салдарынан әл-Ахли ауруханасының ауласына жаралылар келгенін, басы кесілген бала — шабуылдың құрбаны екенін айтады.
Бейнежазбада басын израильдық сарбаздар кесіп алғаны туралы ақпарат жоқ, мәйітке салынған камера туралы да ештеңе айтылмаған.
Фактчекерлер X желісінен басқа ракурстан түсірілген видеоны тапты. Алайда телеарнадағы және желідегі бейнеден баланың басының орнында камера жоқ екенін байқауға болады.
Ер адам баланың денесін ұстап тұрғанда басқа бір ер адам селфи таяқшасына телефонын орнатып, жағдайды видеоға түсіреді. Сірә, кей видеода баланың денесінің артында тұрған камера, басында тұрғандай болып көрініп қалған.

Ал баланың денесін ұстаған ер адам оның туысы емес. Ол — баланың денесін жедел жәрдеммен әкелгенге дейін көпшілікпен бірге тұрғандардың бірі.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.