Италия таулы аймақтағы қалаға көшуге дайын әр адамға 32 мың еуро бере ме?

Telegram арналарда “Италияның курорт қалаларына көшкен адамға 32 мың еуро беріледі” деген хабарлама тарады.

“Италия үкіметі Тоскана аймағына көшкісі келетіндердің барлығына 32 000 еуро береді. Осылай, билік таулы елді мекенді жандандырғысы келеді. Жағажай мен тауларда 76 орын бар және алғашқы уақытқа қосымша ақша береді”, – делінген хабарламада.

Бұл мәлімдеме жалған. Италия үкіметі Тосканаға көшкісі келетіндердің барлығына 32 000 еуро бермейді.

Шын мәнінде, Residenzialità in Montagna («Таудағы үй») деген бағдарлама бар. Ол бойынша, Тоскана билігі адам аз тұратын 76 таулы қала мен ауылдың біріне көшуді шешкендерге субсидия беруге дайын.

Субсидия мөлшері елді мекендегі тұрғындардың санына байланысты:

10 мың еуро: халқы мың адамға дейінгі аудандарда;
20 мың еуро: халқы екі мың адамға дейін елді мекендерде;
30 мың еуро: бес мың адамға дейін халқы бар елді мекенде.

Субсидияны тұрғын үйді сатып алу және оны жөндеу үшін пайдалануға болады, бірақ оны жалға алуға болмайды.

Бағдарламаға тек итальялық, ЕО азаматтары және Италияда тұруға рұқсаты бар адамдар қатыса алады. Өтініш беретіндер Тосканада орналасқан жылжымайтын мүліктің иесі болмауы керек. Субсидия тұрғын үйді сатып алуға және жөндеуге кеткен шығынның 50%-ін өтеу үшін беріледі. Бағдарламаға өтініш беру 2024 жылғы 27 шілдеде басталады.

Factcheck.kz