Харари ЖИ арқылы Інжілді қайта жазуды ұсынды ма?

Интернетте “Израильдық тарихшы, философ және нон-фикшен жанрындағы бірнеше бестселлердің авторы Юваль Ной Харари жасанды интеллект арқылы Інжілді қайта жазып, жаңа инклюзив дін қалыптастыруды ұсынды” деген ақпарат тарады (1, 2, 3, 4). “Проверено” фактчекерлері мәлімдемені тексеріп көрді.

Юваль Ной Харари шынымен де дін және жасанды интеллект жөнінде көп жазған. Оның кейбір лекциясы да осы тақырыптарға арналған. 2023 жылғы 29 сәуірде Швейцарияның Монтре қаласында өткен Frontiers Forum-ында ол жасанды интеллект туралы сөз қозғаған. 14 мамырда “ЖИ және адамзаттың болашағы” деген лекциясының видеожазбасы Хараридің Youtube арнасына жүктелді. Ал оның орысша аудармасы “Тьюриң тесті” арнасында бар. Алайда онда израильдық философтың айтқаны медиа мен желіде тараған ақпаратқа қарама-қайшы.

Хараридің айтуынша, қазіргі жасанды интеллект тілді адамның орташа қабілетінен жоғары деңгейде меңгерген. Бұл “адамзат өркениетінің операция жүйесін бұзу” болып саналады, өйткені біз тіл арқылы шындықты, оның ішінде құдайлар мен діндерді құрамыз.

Жазушы музыканы, заңды, тарихты, бейнені адамзаттың әлсіз тұсын тиімді қолдануды білетін жасанды интеллект қалыптастырған әлемді елестетіп көруді ұсынады. Кейін “Адамдар жасанды интеллект жазған мәтінді діни аян деп қабылдаса, не болмақ?” деп сұрақ қояды.

Харари басқа елдегі лекцияларында да осы тектес ойды және жасанды интеллектінің қаупін айтқан.

Құрылымы сәл басқа, бірақ дәл осы ақпарат алғаш 10 маусымда ағылшын тіліндегі Slay News сайтына жарияланған. Бұл ультраконсерватив ресурс 2021 жылы ашылған. Негізгі контент Джо Байден мен АҚШ демократиялық партиясына қарсы бағытталған.

Сайт “Біз туралы” бөлімінде фактчекиң шартын ұстанатынын мәлімдесе де, іс жүзінде жалған ақпарат пен қастандық теориясын таратқан, сол себепті ол сенімді дереккөз емес.

Осылайша, “Харари жасанды интеллект арқылы Інжілді қайта жазуды ұсынды” деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Factcheck.kz