Халықаралық қылмыстық соттың прокурорлары Украинаның азаматтық инфрақұрылымына қарсы Ресей жасаған болуы мүмкін кибершабуылдарды әскери қылмыс ретінде тексеріп жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Reuters агенттігінің ақпараты бойынша, инфрақұрылымға жасалған және адамдардың өміріне қауіп төндірген, тұрғындарды электр қуатынсыз және сусыз қалдырған, төтенше жағдайлар қызметтерімен байланысты және әуе қаупін ескерту қызметтерін істен шығарған шабуылдарды зерттеп, тексеріп жатыр. Жеткілікті дәлел жиналса, санкция беруге негіз болуы мүмкін дейді.
Айта кетері, ХҚС прокурорлары Украина өкілдерімен бірге Ресей Украинаға соғыс ашқаннан бері болған кибершабуылдарды зерттеп жатыр. Reuters дереккөздері 2015 жылдан бері жасалған кибершабуылдар да тексерілуі мүмкін екенін айтты.
Ресей кибершабуылдарға қатысы жоқ екенін бірнеше рет мәлімдеген.