Грузия парламенті «ЛГБТК+ насихатына» тыйым салатын және «отбасылық құндылықтарды» қорғайтын 19 заң жобасын енгізді. Бұл туралы журналистерге арналған брифиңде Тбилисидегі парламент спикері Шалва Папуашвили мәлімдеді, деп хабарлады Deutsche Welle.
Жаңа заң жобасы Грузия азаматтарына биологиялық жынысын өзгертуге, құжаттағы жынысын өзгертуге, бір жыныс өкілдеріне некелесуге, ЛГБТК+ өкілдеріне бала асырап алуға, білім беру ұйымдары мен медиада «ЛГБТК+ насихаттауға» тыйым салады. Ережелердің сақталуын арнайы комиссия бақылап отырады. Заңды бұзатын контент анықталса, бірден өшіріледі.
Айта кетері, Factcheck.kz сайты ориентацияны насихаттау және ЛГБТК+ өкілдеріне қатысты басқа ақпараттың рас-өтірігін тексерді. Медиада немесе шынайы өмірде белгілі бір романтикалық байланысты көрсету арқылы адамның (қандай да бір жолмен) ориентациясын өзгертуге болатыны ғылыми түрде дәлелденбеген. Қазір зерттеушілер адамның белгілі бір ориентациясына не әсер ететіні туралы ортақ пікірге келмеген. Дегенмен көп ғалым бұл жерде туа біткен бейімділік те, тәрбие де (күрделі) рөл атқарады дегенмен келіседі. Адамның көбі сексуал ориентацияны саналы және ерікті түрде таңдамайды. Тиісінше оны пропаганда жасау да қисынсыз. Ориентацияның құбылмалы болатыны туралы sexual fluidity түсінігі де айтады.