Freedom Now Жанболат Мамайға қатысты үкімді сынады

Адам құқығын қорғаумен айналысатын Freedom Now ұйымы оппозиция саясаткері Жанболат Мамайға қатысты шыққан үкімді сынап, Қазақстан билігіне үндеу жолдады. Бұл туралы “Азаттық Радиосы” хабарлады.

Freedom Now ұйымының атқарушы директоры Маран Тернер сөзінше, соттың Мамайға қойған шектеулері “заңды әрі бейбіт саяси қызметпен айналысуға тосқауыл қоюы” болып саналады. Сол себепті ұйым Жанболат Мамайға қатысты үкімнің күші жойылуы, барлық шектеу алынуы керек деп есептейді.

Айта кетейік, 10 сәуірде Алматыдағы Бостандық ауданының № 2 соты тіркелмеген демократиялық партияның жетекшісі, оппозиция саясаткері Жанболат Мамайды шартты түрде 6 жылға соттады. Оған журналистикамен, қоғамдық іспен шұғылдануға, қоғамдық ұйымдардың қызметіне араласуға тыйым салынды. Үкім әлі күшіне енбеді. Дегенмен Мамай оған келіспейтінін, аппеляция шағымын түсіретінін мәлімдеді.

Factcheck.kz