Еуропада Илон Масктың X желісі тергеуге ілінді

Илон Маскқа тиесілі X әлеуметтік желісі тағы да Еуропадағы реттеуші органдардың назарына ілікті. Бұл жолы мәселе xAI компаниясы әзірлеген Grok чат-ботына қатысты. Ирландияның деректерді қорғау жөніндегі комиссиясы Еуроодақ қолданушыларының жазбасы нейрожеліні үйрету үшін қалай пайдаланылғанын және бұл әрекеттің «Деректерді қорғаудың жалпы ережесіне» (GDPR) сәйкес заңды болғаны не болмағанын анықтау үшін тергеу бастады. Бұл туралы SecurityLab жазды.

Басылымның хабарлауынша:

  • Тергеуге себеп болған жайт – заңды тұлғаның ауысуы. 1 сәуірден бастап бұрынғы Twitter International, қазіргі X Internet Unlimited Company (XIUC) Еуропа қолданушыларының деректеріне жауапты жаңа оператор болады.
  • Бұл компания енді өңірдегі деректерді өңдейді. Реттеуші органның айтуынша, дәл осы құрылым xAI компаниясына қолданушылардың жазбаларына, профильдеріне және өзара әрекеттесуіне қол жеткізу мүмкіндігін берген болуы ықтимал.
  • Қолданушылар деректерді жинау процесіне әдепкі күйде автоматты түрде қосылған. Бұл саясаттың қаншалықты ашық екені және оның GDPR талаптарына сәйкестігі жөнінде сұрақ туындап жатыр. Себебі егер контент жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік берсе, онда ол да жеке дерек болып саналады.

Мәселе наурыз айындағы мәміледен кейін одан әрі өзекті бола түсті. Сол кезде xAI компаниясы X әлеуметтік желісін акциялармен алмасу арқылы сатып алған. Енді деректер де, жасанды интеллект те Маск басқаратын бір заңды тұлғаға тиесілі. Ал бұл мүдделер қақтығысына әкелуі мүмкін.

Контекст

Наурызда Илон Маск xAI жасанды интеллект стартапы X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісін толықтай сатып алғанын мәлімдеді. Ол X-тегі жазбасында келісім xAI-дің жалпы құнын 80 миллиард долларға, ал X-тің құнын 33 миллиард долларға бағалайды деп жазды. «Біз енді деректерді, ЖИ модельдерін, есептеу қуатын, тарату арналарын және амбицияларды біріктіру жолында ресми қадам жасадық», – деді ол.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz