Илон Масктың xAI стартапы X желісін сатып алды

Илон Маск xAI жасанды интеллект стартапы X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісін толықтай сатып алғанын мәлімдеді. Бұл туралы TechCrunch жазды.

«xAI X-ті толықтай сатып алды. Бұл келісім xAI-дің жалпы құнын 80 миллиард долларға, ал X-тің құнын 33 миллиард долларға бағалайды», – деп жазды Маск жұма күні X-тегі жазбасында. Маск екі компанияның болашағы бір-бірімен тығыз байланысты дейді. «Біз енді деректерді, ЖИ модельдерін, есептеу қуатын, тарату арналарын және амбицияларды біріктіру жолында ресми қадам жасадық», – деді ол.

X – енді толықтай xAI бақылауында

Бұған дейін xAI-дің жасанды интеллект өнімдері, соның ішінде Grok атты ЖИ-боты X платформасымен бірлесе істеген. Енді X желісі xAI-дің бақылауында болады.

The Wall Street Journal деректеріне сүйенсек, X және xAI акциялары жаңа xAI Holdings Corp. компаниясының акцияларына алмастырылады. Басшылардың пікірінше, біріккен компанияға қаржы тарту әлдеқайда оңай болмақ.

xAI OpenAI-мен бәсекелестігін күшейтіп жатыр

Маск xAI-ді 2023 жылы OpenAI-мен бәсекеге түсу мақсатында құрған. Осы уақыт ішінде ол Google DeepMind, Microsoft және OpenAI компанияларынан ең үздік ЖИ зерттеушілерін тартып, ірі деректер орталығын салды.

xAI OpenAI, Google DeepMind және Anthropic сияқты алпауыттармен жылдам бәсекеге түсті. Ақпанда компания Grok 3 атты ЖИ моделін ұсынды. Ол математика, ғылым және кодтау салаларында ең үздік ЖИ жүйелерімен тең дәрежеде.

Илон Маск OpenAI-ді бұрынғы коммерциялық емес бағытынан толықтай коммерциялық ұйымға айналдырмау үшін тырысып жатыр. Ол OpenAI-дің инвесторларға тәуелді болуын тоқтатқысы келеді әрі компанияны қайтадан қоғамдық игілікке бағытталған ұйым ретінде қалдыруды қалайды.

Ақпанда Маск OpenAI-ді 97 миллиард долларға сатып алуды ұсынған, бірақ OpenAI директорлар кеңесі бұл ұсынысты қабылдамады. Ал xAI-дің OpenAI және басқа ЖИ компанияларынан басты артықшылығы – X платформасы. Оның миллиардтаған жазбасы мен қолданушысы жасанды интеллекті оқыту үшін құнды деректер көзі болмақ. Оған қоса X – Масктың ЖИ өнімдерін кең аудиторияға тарату үшін тиімді платформа.

Журналист

Factcheck.kz