Бразилияның авиациялық апаттарды зерттеу және алдын алу орталығы (CENIPA) Қазақстанда апатқа ұшыраған Embraer ұшағының қара жәшіктерін зерттеуді аяқтады. Бұл туралы G1 басылымы хабарлады.
Зерттеуге қатысқан сарапшылар екі құрылғыдан ақпарат алу, оны тексеру 4 қаңтарда біткен дейді. Жұмысты бақылау үшін Бразилияға Қазақстан, Әзербайжан және Ресейден тергеушілер келген.
Қара жәшіктен алынған мәліметтер Қазақстанның әуе апаттарын тергеу басқармасына жіберіледі.
Контекст
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағанын еске салайық. Салдарынан 38 адам қаза тапты. Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Euronews басылымы бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Ресей президенті Владимир Путин өз бастамасымен Әлиевке қоңырау шалып, Әзербайжан басшысынан кешірім сұраған.
Қазақстанның көлік министрлігі Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы ұшағының қара жәшіктері Бразилияда ашылатынын хабарлаған.
Басты беттегі сурет ТЖМ сайтынан алынды.