2023 жылы маусымда АҚШ-та бір шіркеуге найзағай түсіп, өртенгені туралы ақпарат тарады (мұнда, мұнда, мұнда). Дәл сол уақытта онда ЛГБТК+ өкілдерінің некесі қиылып жатқан деседі. “Проверено” фактчекерлері ақпаратты тексеріп көрді.
Желіде сапасы нашар видео тарады. Оның бірінде Boston 25 News телеарнасының логотипі бейнеленген. Арна басқа медиа сияқты Бостонның маңында орналасқан Спенсер қаласындағы өрт туралы хабар таратқан. Спенсер қаласының полиция департаментінің мәліметінше, 2023 жылғы 2 маусымда Вустер округіндегі шіркеуде өрт болған. Өртті сөндірудің егжей-тегжейін фотограф Пол Шидің репортажынан көруге болады. Оны Спенсер өрт сөндіру бөлімі Facebook парақшасында бөліскен.

Boston 25 News және USA Today басылымының хабарлауынша, шынымен де найзағайдың шіркеудің қоңырау мұнарасына түсуінен өрт шыққан. Мұны Спенсер өрт сөндіру бөлімінің басшысы Брюс Парсонс растады. Оған қоса ол оқиға кезінде шіркеуде ешкімнің болмағанын мәлімдеді. Бұл шіркеу 1772 салынған, кейін 1862 жылы өрттен кейін қайта қалпына келтірілген. Өрт сөндірушілердің айтуынша, шіркеудің өртеніп кетуінің басты себебі — оның ағаштан жасалғаны.
Шіркеу ЛГБТК+ өкілдеріне толерант көзқараста. Оған олардың Facebook парақшасындағы жазбалары дәлел. Массачусетс штатында ЛГБТК+ өкілдерінің некелері заңды, бірақ осы күнге дейін және өрт күні Спенсер шіркеуінде ЛГБТК+ өкілдерінің некесі қиылғаны туралы ақпарат табылмады.
Шіркеудің Facebook парақшасы мен оның веб-архивіндегі кестесіне қарағанда, 2 маусымда шіркеуде ешқандай неке қию рәсімі болмаған: себебі жұмада шіркеуде ешқандай рәсім өтпейді, кеңсесі де жабық болады.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.