Берлинде адам қолын жеген Зеленский бейнеленген мурал пайда болды ма?

2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде муралдың суреті тарады. Онда Украина қарулы күштері сарбазының дене мүшесін жеп жатқан Владимир Зеленский бейнеленген. Граффити Берлинде орналасқан ғимаратқа салынған деседі. “Проверено” фактчекерлері ақпаратты тексеріп көрді.

Берлинде салынған граффити туралы алғашқы посттар 13 қыркүйекте пайда болды. Бұл жазбалар үш суретпен жарияланды. Біреуінде Украина қарулы күштерінің символы бар әскери киімді киген қолды жеп жатқан Зеленский бейнеленген және немісше “каннибал” деп жазылған. Тағы екеуі — Deutsche Welle және Frankfurter Allgemeine Zeitung басылымдарының скриншоты. Бұл басылымдар мақаласында неміс полициясының үрейленіп, граффитиді салған белгісіз қаскүнемді іздеп жатқаны айтылған.

Оған қоса граффитидің бұл суреті бірқатар Telegram арнасында жарияланды (1,2,3).

Берлинде адам қолын жеген Зеленский бейнеленген мурал пайда болды ма?

Алайда бұл басылымның ешқайсы мұндай материал жарияламады. Фактчекерлер Frankfurter Allgemeine Zeitung, Deutsche Welle уеб-сайтынан ақпаратты іздеп, ештеңе таппады. Оған қоса скриншотта Зеленскийдің аты-жөні қате жазылған. Әдетте неміс басылымдары Украина президентінің атын Vladimir Zelensky емес, Wolodymyr Selenskyj деп жазады.

Сонымен қатар неміс басылымдары полицияның муралды салған қаскүнемді іздеп жатқанын да жазбады. Оның себебі де бар. Фактчекерлер суреттегі граффити бейнеленген ғимарат Берлинде де, жалпы Германияда да емес екенін, Польшада орналасқанын анықтады. Суретте бейнеленген және фактчекерлер Польшадан тапқан ғимараттың жасыл балконы, көше шамдары, кіреберістің безендірілгені бірдей. Тек фейк фотоны жасағандар көше атауы мен үй нөмірі жазылған тақтайшаны алып тастаған, поляк туын неміс жалауына ауыстырған. Ал поляк тіліндегі сегментте мурал туралы бірде-бір ақпарат тарамады.

Осылайша, желіде тараған граффити — фейк. Ал ол салынған үй Берлинде емес, Польшада орналасқан.

Factcheck.kz