Баланы бір жасына дейін тек емізу керек пе?

USA Today фактчекерлері “нәресте бір жасына дейін тек анасының сүтін ішуі керек” деген тұжырымдаманы тексеріп көрді.

10 сәуірде Facebook желісінде бір жасқа дейінгі сәбидің тамағына қатысты ақпарат жарияланды (тікелей сілтеме, архив сілтеме). Онда “Бала бір жасқа толғанға дейін оның ішегіне қатты тамақ түспеуі керек. Тек анасының сүті”, – делінген. Бұл жазбаны желі қолданушылары бір апта ішінде 3,5 мыңнан астам рет бөліскен.

Фактчекерлер жазбадағы ақпарат пікір ретінде берілсе де, сенімді деректерге негізделмегенін айтады. Сарапшылардың айтуынша, әдетте нәресте 6 айға толғанда, белгілі бір даму кезеңіне жеткенде, оған ана сүтінен басқа тағамды беруге болады. Керісінше, ата-ана баланың бір жасқа толғанын күтсе, оның ағзасында қорек заттарының жеспеушілігі болуы мүмкін.

Калифорниядағы Valley Children’s Healthcare емханасының педиатры Хейли Нельсон баланы емізген дұрыс деп санайды. Десе де ол желідегі мәлімдемені оқығанда таңғалған. Нельсонның айтуынша, бала басын тік ұстауды, тамақ ішуге арналған орындыққа отыруды үйренгенде анасының сүтінен басқа да тамақтарды іше алады.

Америкалық педиатрия академиясы да бала даму кезеңіне дейін, шамамен 6 айына дейін анасының сүтін ғана ішкені абзал екенін айтады. Дегенмен 2022 жылы академия 2 жасқа дейін және ол жастан асқан баласын емізуді құп көрген ата-аналарды қолдау мақсатында өз нұсқаулығын жаңартты. Бірақ онда олар басқа тағамдарға қосымша ретінде емізуге болатынын жазған.

Оған қоса Нельсон балаға ең әуелі ботқа сияқты шайнауға жеңіл, жұмсақ тағамдарды жегізуге кеңес береді. Уақыт өте ата-ана бала жейтін тамақ мөлшерін көбейтіп, түрлі жаңа өнімді беру керек.

Кеннеди Кригер институтының мәліметінше, қатты тағамды жеп үйренген балалардың (мұнда езілген, жұмсартылған қатты тағамдар туралы айтылып жатыр – ред) қорек заттары жеткілікті болады. Оған қоса сенсорлық және ауызша моторлық қабілеті жақсы дамиды.

Сонымен қатар Хейли Нельсон балаға онлайн ақпараттың қайсы тиімді әрі пайдалы екенін білу үшін өз педиатрымен хабарласып, кеңескені жөн екенін айтады.

Factcheck.kz