Азаттық радиосы SOPA жүлдесін иеленді

Азаттық радиосы Азия баспагерлері қоғамының (SOPA) жүлдесін алды. Бұл туралы редакцияның өзі хабарлады.

Басылымның 2023 жылы жариялаған Қазақстан мен Қырғызстандағы компаниялар санкцияға ілінген Ресейге жоғары технологиялы құралдар жібергені жайлы зерттеуі байқауда Excellence in Technology Reporting (“Технологияларды түсіндіру жағынан”) номинациясы бойынша үздік деп танылды. Әділқазылардың айтуынша, зерттеуде деректер терең әрі жан-жақты талданған.

Зерттеуде Ресейдің Украинаға басқыншылығынан соң Қазақстан мен Қырғызстаннан Ресейге жіберілетін құралдардың кұрт артқаны баяндалған. Ресей асқан құралдардың арасында Батыс компанияларының электронды құралдары да бар. Бұл құралдар Ресейдің Украина қалаларын атқылаған қаруларынан табылған.

Зерттеуді Азаттықтың Қазақ және Қырғыз қызметтері Украин қызметінің “Схемы” зерттеу тобымен бірлесе жасаған.

SOPA Award – Азия баспагерлері қоғамы беретін сыйлық. Ол 1999 жылы құрылған және Азиядағы журналистика мен баспа саласындағы ең беделді марапаттардың бірі. SOPA сыйлығын баспа және онлайн басылымдарға, радио мен теледидарға жоғары редакция шеберлігі үшін береді.

Factcheck.kz