Астанада жұмыс талап етіп, ұсталған жаңаөзендік мұнайшылар босатылды

Астанада министрлік алдында жұмыс талап етіп, ұсталған жаңаөзендік мұнайшылар босатылды. Оның көбі үйге қайтты. Министрлікпен келіссөз жүргізу үшін он шақты адам қалды. Бұл туралы “Азаттық радиосы” хабарлады.

10 сәуірде жұмыссыз қалған 82 жаңаөзендік Астанадағы министрлік ғимараты алдына барып, жұмыс мәселесін шешіп беруді сұрады. Алайда ол күні мұнайшылармен сөйлесуге министрлік өкілдерінен ешкім шықпаған. Наразылық білдірушілер талабы орындалмағанға дейін кетпейтінін айтып, министрлік алдында түнеген.

11 сәуірде арнайы жасақ пен полиция жиналған мұнайшыларды күштеп ұстап әкетті. Олар наразылық шарасының “заңсыз” екенін айтады. Осы жағдайдан соң мыңдаған Жаңаөзен тұрғыны, мұнайшылар әкімдік маңындағы алаңға, қала орталығына жиналып, ұсталған адамдарды босатуды, олардың талабын орындауды сұрап, үндеу жариялады. Мұнай саласында қызмет ететін кейбір жұмысшы ұсталғандар босамайынша, жұмысын тоқтатынын мәлімдеді.

Азаттықтың мәліметінше, ұсталған мұнайшылардың үстінен “бейбіт жиын ережесін бұзу” бабы бойынша іс қозғалған.

12 сәуірде олардың босатылғаны хабарланды.

Айта кетейік, 2023 жылғы сәуірде “Өзенмұнайгаз” компаниясы мен “БерӘлі Маңғыстау Company” арасындағы келісімшарт аяқталып, “Өзенмұнайгаз” компаниясының кезекті тендерін “Кезби” компаниясы жеңіп алған. Осы өзгерістен соң 100-ден астам мұнайшы жұмыссыз қалған.

Factcheck.kz