Алматы қаласының әкімшілік соты ProTenge басылымының құрылтайшысы және бас редакторы Жәмила Маричеваны жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танып, 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
Сотқа ProTenge-нің 30 қаңтарда әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Азаттық радиосының 36 журналисін аккредиттеуден бас тартқан кезінде редакцияны қолдап жазған жазбасы себеп болған. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл пост «қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудырады» деп есептеді.
Маричеваның адвокаты әкімшілік құқық бұзушылықтың болмағанына байланысты істі тоқтатуды сұрады. Алайда сот бұл өтінішті қабылдамады.
Бір қызығы, олар ProTenge жазбасын бөліскен «ОБОЖАЮ» жобасының авторы, журналист Асхат Ниязовты да жауапқа тартпақ болған. Бірақ 29 сәуірде Астананың әкімшілік соты Ниязовқа қатысты жала жабу ісін тоқтатты.