Кейінгі уақытта жасанды интеллект (ЖИ) саласында үлкен жаңалықтар болып жатыр. Қытайлық DeepSeek компаниясының жетістігі америкалық технология алыптарының акциясының құлдырауына себеп болды.
Alibaba және 72 миллиард параметр
Қытайдың Alibaba компаниясы өзінің Qwen2.5-VL атты жаңартылған жасанды интеллект моделін ұсынды. Жүйе енді тек суреттер мен видеоларды өңдеп қана қоймай, компьютерлер мен смартфондармен тікелей бірлеседі. Бұл туралы SecurityLab хабарлайды.
Жаңа модельдің үш нұсқасы бар – 3, 7 және 72 миллиард параметр. Әр нұсқа қарапайым суреттерден бастап күрделі диаграммалар, графиктер мен интерфейстерге дейін талдай алады. Басылымның мәліметінше, осындай құрылғыларды тек OpenAI Pro жазылушылары ғана қолдана алады, олар ай сайын 200 доллар төлейді.
Alibaba өкілдері жаңа үлгінің бейнелерді тану қабілеті айтарлықтай жақсарғанын айтты. Жүйе енді фильмдерден, телехикаялардан және түрлі өнімдерден алынған элементтерді ажырата алады. Бұл оның медиа контентпен жұмыс істеу мүмкіндігін едәуір кеңейтеді.
ИИ саласындағы дүрбелең
«DeepSeek: Қытай компаниясы жасанды интеллект әлемін таңғалдырды» – осындай тақырыппен Deutsche Welle жуырда қытайлық стартап туралы мақала жариялады.
Мақалада мынадай маңызды жайттар айтылған:
- OpenAI өз моделінің жұмысы туралы мәліметтерді құпия ұстаса, қытайлық бәсекелесі DeepSeek өз кодын ашық жариялады.
- DeepSeek өз дамуына бөлінген бюджетінің америкалық компаниялармен салыстырғанда әлдеқайда аз екенін көрсетіп, тиімділігін дәлелдеді.
- Бұл жаңалық Кремний алқабындағы инвесторлардың америкалық ЖИ компанияларының акциясы тым қымбат деген күдікке бой алдырды. Осы сенімсіздік өткен дүйсенбіде акция бағасының құлдырауына әкелді.
- Сонымен қатар, DeepSeek қосымшасы Apple App Store дүкенінде жүктелу саны бойынша ChatGPT-ден асып түсіп, ең танымал тегін қосымшаға айналды.
- Вашингтон Nvidia компаниясының соңғы үлгідегі чиптерін Қытайға сатуға тыйым салғанына қарамастан, DeepSeek өз моделін Nvidia H800 чиптері негізінде дамытып, жоғары нәтижеге қол жеткізгенін мәлімдеді.
- Британдық Radio Free Mobile зерттеу компаниясының негізін қалаушы әрі сарапшы Ричард Виндзор DeepSeek моделінің қуаттылығына күмән келтірмейді. Дегенмен, компанияның әзірлеу шығындары туралы мәліметтеріне күдікпен қарайды. DeepSeek бар болғаны 2 мыңнан сәл асатын Nvidia H800 чипін пайдаланып, бар болғаны 5,6 миллион доллар жұмсағанын айтады. Бұл OpenAI шығындарынан 95%-ға арзан. Виндзор қытайлық стартапқа мемлекеттің қандай көмек көрсеткенін нақты білмеймін дейді. Оған электр энергиясы, жалақы немесе ЖИ моделін оқыту шығындары бойынша субсидиялар ұсынылуы мүмкін.
Контекст
Дональд Трамп президент қызметіне кірісерден бұрын, Джо Байден жасанды интеллектің қауіптері туралы ескерткен. Ол АҚШ-тың бұл салада Қытайдан озып, жетекші орын алуға тиіс екенін айтқан.
Жақында Дональд Трамп SoftBank, Oracle және OpenAI қатысуымен Stargate атты ірі инвестициялық жобаны жариялады. Бұл жоба АҚШ-тағы ЖИ инфрақұрылымын дамытуға 500 миллиард доллардан кем емес инвестиция салуды көздейді.