АҚШ президенті Дональд Трамп 25 қаңтарда TikTok-ты сатып алу мәселесінде бірнеше тараппен келіссөз жүргізіп жатқанын, шешім 30 күнде бекітілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
«Мен TikTok туралы көп адаммен сөйлестім. Қосымшаға қызыққан жандардың саны жоғары», – деді Трамп Air Force One бортында журналистерге.
Reuters мәліметінше, Трамп әкімшілігі TikTok-ты сақтап қалудың жоспарын дайындап жатыр. Оған сәйкес, Oracle компаниясы мен сыртқы инвесторлар тобы қосымшаның операциялық басқаруын өз қолына алуға тиіс. Жоспар бойынша, TikTok-тың қытайлық иесі ByteDance компаниясы үлесін сақтап қалады, ал TikTok-тың ұлттық қауіпсіздікке қатысты барлық мәселесін Oracle шешеді. TikTok 2022 жылы АҚШ пайдаланушыларының дерегін сақтау үшін Oracle компаниясымен келісім жасаған еді.
Қазіргі уақытта TikTok-ты 170 миллион америкалық қолданады. 18 қаңтарда ByteDance-қа қосымшаны сату немесе оны АҚШ-та бұғаттау туралы заң күшіне енгенге дейін TikTok уақытша бұғатталған.
Трамп президент қызметіне кіріскеннен кейін бұл заңның орындалуын 75 күнге шегеретін жарлыққа қол қойды.