АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 10 наурызда USAID бағдарламаларының 83 пайызын тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім алты апталық тексерістен кейін қабылданған. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.
«Енді күшін жоятын 5200 келісімшарт аясында ондаған миллиард доллар АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне сай жұмсалмаған», – деп жазды Рубио X желісінде.
Рубионың айтуынша, қалған 17 пайыз бағдарламаны Мемлекеттік департамент басқарады. Ол Конгресспен бірлесе отырып, бағдарламалардың тиімділігін арттыруды көздеп отыр. Рубио бұл реформаны АҚШ-тың халықаралық көмегіндегі «тарихи» өзгеріс деп атап, оған қатысқан Үкімет тиімділігі департаментіне (DOGE) алғыс айтты. Бұл департаментті бейресми түрде миллиардер Илон Маск басқарады.
USAID – халықаралық азаматтық көмек пен даму саласындағы ынтымақтастықты басқаруға жауапты агенттік. Бұл тәуелсіз агенттіктің жылдық бюджеті бұрын 42,8 миллиард доллар (41,5 миллиард еуро) болған.
Президент Трамп пен Илон Маск агенттікті қатты сынға алды. Трамп 2 ақпанда USAID басшылығында өзгерістер болатынын жариялап, агенттікті «радикалдар» басқарады деп айыптады.
Ол қаңтарда президент қызметіне кіріскеннен кейін, шетелге берілетін гуманитарлық көмекті 90 күнге тоқтату туралы жарлыққа қол қойған. Бұл халықаралық қаржыландыру жүйесінде дүрбелең туғызып, бағдарламалардың жабылуына, жұмыссыздыққа әкелді.