АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығады

Дональд Трамп АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан (ДДСҰ) шығаратын жарлыққа қол қойды. Бұл туралы BES.media Ақ үйге сілтеме жасап хабарлады.

«Мемлекеттік хатшы бұл шешім жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын, басқа да тиісті депозитарийлерді және ДДСҰ басшылығын дереу хабардар етеді», – делінген құжатта.

Құжатта оның себептері де жазылған:

«АҚШ 2020 жылы COVID-19 пандемиясы кезінде және басқа да жаһандық денсаулық сақтау дағдарыстарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) тиімсіз басқаруы, шұғыл реформаларды жүргізе алмауы және ұйым оған мүше мемлекеттердің орынсыз саяси ықпалынан тәуелді болғандықтан ДДСҰ-дан шығатынын мәлімдейді. Сонымен қатар, ДДСҰ АҚШ-тан басқа елдерге қарағанда жоғары және әділетсіз жүктемеге айналған төлемдерді талап етуді жалғастырып жатыр.1,4 миллиард адамы бар Қытай АҚШ халқының санынан 300%-ға көп болса да, оның ДДСҰ-ға қосқан үлесі шамамен 90%-ға төмен», – делінген Ақ үй сайтында жарияланған мәтінде.

Бұған қоса, ДДСҰ-дан шығудың салдарын өтеу мақсатында бірқатар шаралар ұсынылған: президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі Ұлттық қауіпсіздік кеңесі аясында қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау және биологиялық қауіпсіздікті нығайтуға орынды деп санайтын басқару және үйлестіру тетіктерін құруға тиіс.

Сонымен қатар, Ақ үйдің пандемияға дайындық және оған ден қою саясатына жауапты басқарма директоры «2024 жылға дейінгі АҚШ-тың Жаһандық денсаулық сақтау қауіпсіздігі стратегиясын мүмкіндігінше тезірек қайта қарап, күшін жойып, жаңа нұсқамен алмастыруы керек».

Контекст

Дональд Трамп COVID-19 пандемиясына байланысты ДДСҰ-ны 2020 жылғы сәуірде сынаған. Ал шілдеде АҚШ-тың ДДСҰ-дан ресми түрде шығатынын Конгресске хабарлады. 2021 жылы президент Джо Байден инаугурациясынан кейінгі алғашқы күні-ақ елді қайтадан ДДСҰ мен Климат жөніндегі келісімге қайтарған еді.

Журналист

Factcheck.kz