29 қазан — Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні

Қазақстанда 29 қазан Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілерді жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасымен, туыстарымен кездесіп, көңіл айтты.

Мен мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан президенті

Сонымен қатар ол үкіметке “АрселорМиттал Теміртау” компаниясымен инвестициялық серіктестікті тоқтатуды тапсырған.

Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан президенті

Еске салайық, 28 қазанда Астана уақытымен сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған. 206 қызметкер өз бетінше көтерілген. 33 кенші қаза тапты, тағы 13 қызметкер іздестіріліп жатыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қаза тапқан кеншілердің отбасыларына әлеуметтік көмек берілетінін айтты.

Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Ол республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді. Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс.

Светлана Жақыпова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Factcheck.kz