Жалған | Матвиенко: Ресейлік әскерилер гуманды әрекет етіп жатыр

Ресейдің Федералды жиынының Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенко 1 қыркүйекке арналған “Ресейлік білім: патриотизм және болашаққа ұмтылу” атты мақаласында Украинада болып жатқан соғысты да қозғап, бірнеше дерек келтірген. Оның сөзінше, ресейлік әскери күштер ең заманауи техникамен жабдықталған, ал ресейлік әскерилердің өздері Украинада адамгершілікпен әрекет етіп жатыр.

Factcheck.kz Валентина Матвиенконың айтқаны жалпы кремлшіл медиа мен тұлғалар қолданатын риторика екенін ескеріп, оның келтірген деректері қаншалықты рас екенін тексерді.

Ескерту! Материалда келтірілген деректер қазір нақты анықталғаны ғана, шындығында көрсеткіштер әлдеқайда көбірек болуы мүмкін.

Мәлімдеме: Жеңіске жету үшін біздің ресурс жеткілікті – материалдық ресурс ғана емес, сонымен бірге интеллектуалды, моральдық ресурстар да бар. Отандық қарулы күштер ең заманауи қару-жарақпен және техникамен жабдықталған.

Валентина Матвиенко

Үкім: Манипуляция

Қоғамда Ресейдің әскери қуаты туралы нарратив бар екені рас, алайда 24 ақпанда соғыс басталғалы ресейліктер айтарлықтай жетістікке жетпеді. Матвиенко мәлімдемесі тым кең саланы қамтиды, сондықтан бұл мәлімдеме, кем дегенде, манипуляция. Оның үстіне, украиналықтардың қолына түскен Ресейдің басқыншылыққа пайдаланған әскери техникаларының жағдайы, зерттеулер мен талдаулар, Батыс елдерінің барлау қызметтерінің материалдары Ресей әскері, әскери өнеркәсібі қиын жағдайға қалғанын көрсетеді.

Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысында пайдаланып жатқан қару-жарағы Батыс елдерінің бөлшектерімен жабдықталғаны туралы бірнеше рет есеп жарияланды (мында да). Ал санкция салдарынан Ресейдің бүкіл әскери-өнеркәсіп кешені зардап шегіп жатыр. Бұл жағдайда “ең заманауи” қару-жарақ туралы айту қиын. Осыдан болса керек, жақында белгілі болған АҚШ барлау мәліметтеріне сәйкес, Ресей Солтүстік Кореядан зымырандар мен артиллериялық снарядтар сатып алмақшы.

Ресей Украинаға басып кіргелі оның соғыс қимылдары үшін қолданатын технологиясы едәуір ескірген не нашар жағдайда екені белгілі болды. The Insider-дегі әріптестеріміздің жазуынша, қазір Ресей әскери техникасы бірнеше ауыр жағдайдың алдында тұр. Ресей армиясы негізгі калибрлі артиллериялық снарядтардың тапшылығын екінші шешен соғысы кезінде-ақ сезінген, ал соғысты қазіргі деңгейде жалғастырса, 2022 жылдың соңында снарядтық “аштыққа” тап болуы мүмкін. Одан бөлек, 2022 жылдың соңына дейін артиллерияның тозуы оның тиімділігінің күрт төмендеуіне әкелуі ықтимал.

Мәлімдеме: Ресейлік әскерилер гуманды әрекет етіп жатыр. Олар бейбіт азаматтарды “тірі қалқан” ретінде пайдаланбайды, қала кварталдарына оқ атпайды, әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылым объектілерін жойып жатқан жоқ.

Валентина Матвиенко

Үкім: Жалған

Қалай болғанда да, ресейлік әскерилердің “гумандығы” мен “әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды” атқыламағаны туралы ақпарат — жалған. Бұған тәуелсіз халықаралық ұйымдардың есептері, соғыс аумағынан ақпарат тарататын беделді медиа материалдары, зерттеулері мен Украинаның өз деректері дәлел бола алады.

Гумандыққа қатысты

  • БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет сөзінше, Ресей де, Украина да соғыс кезінде адам құқықтары мен халықаралық гуманитарлық заңды бұзып жатыр. Ресейдің де, Украина Қарулы Күштері әскери нысандарды азаматтық ғимараттардың қасына орналастырып, бейбіт тұрғындарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланады. Алайда ауқымы жағынан Ресей әскерінің қылмысы көп;
  • Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының институтының бірі) есебіне сәйкес, Украинада Халықаралық гуманитарлық құқық нормаларының жаппай бұзылуы тіркелген. Құжат авторларының жазуынша, ең ауыр жағдай Мариупольдегі драма театр мен Краматорск теміржол вокзалын бомбамен атқылаған кезде болған. Associated Press зерттеуіне сай, бейбіт тұрғындар тығылған театрға тасталған бомба салдарынан кемінде 600 адам өлген. Бюро мәліметінше, тұрғындарға эвакуация жасауға мүмкіндік берілмеген. Сарапшылар Ресей тарапының әрекеттерін адам құқығының негізін өрескел бұзу деп санайды. Баяндамаға сәйкес, куәгерлер өлім жазасы, қамауға алу, азаптау, жыныстық зорлық-зомбылық және адам ұрлау фактісі туралы хабарлаған;
  • The New York Times газеті Бучада өлтірілген бейбіт тұрғындар туралы репортаж жариялады. Басылымның жазуынша, Киев Ресей әскеріне қарсы табанды тойтарыс берген соң, Буча қаласы террор мен кек алатын орынға айналған. Буча тұрғындарын әдейі өлтіру және кек алу мақсатында азаптау фактілері құжатпен сақталған. Бұған қоса кемінде 15 адам қолы байлаулы күйде оққа ұшқан. Куәгерлердің айтуынша, Бучаның көптеген тұрғыны еш себепсіз, жай ғана көшеге шыққаны үшін атылған. Бұдан бөлек, алты адам жергілікті қарттар үйінде аштан өлген;
  • Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымының есебіне сай, Ресей қарулы күштері Херсон мен Запорожье облысында әскери тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды азаптаған. Одан басқа, құқық қорғаушылар ондаған адамның куәлігіне сүйеніп, азаматтардың із-түзсіз жоғалуы не олардың негізсіз ұсталуына Ресей күштерінің қатысы бары туралы 40-тан астам жағдайды құжаттаған;
  • 3 маусымдағы жағдай бойынша БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының бақылау тобы әйелдерге, қыздарға, ерлер мен ұлдарға қатысты қақтығыс жағдайында 124 зорлық-зомбылық туралы хабарлама алған. Алайда бұл көрсеткіш “айсбергтің ұшы ғана” болуы мүмкін;
  • БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасының 4 қыркүйектегі ақпаратын сай, 24 ақпаннан бері Украинаның 13 917 бейбіт тұрғыны зардап шеккен. Оның 5 718-і өлген, 8 199-ы жарақат алған. Қаза болғандардың 372-і бала.

Инфрақұрылымға қатысты

Қазір қанша тұрғын үй мен инфрақұрылым объектілерінің қирағанын нақты айту қиын. Алайда Украинаның жалпы инфрақұрылымына айтарлықтай зиян тиіп, шығын болып жатқаны түсінікті. Мұны, кем дегенде, соғыс алаңындағы журналистердің фотолары мен репортаждарынан байқауға болады.

Соғыс басталғанынан бір ай өткеннің өзінде Reliefweb ресурсы қақтығыс аймағында инфрақұрылымның бұзылуы туралы хабарламалар мен құжатталған жағдайдың көп екенін жазды. Ал Киев экономика мектебінің бағалауы бойынша, ұрыс қимылдары барысында 24 800 км жол бүлінген. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан бері кем дегенде 15,3 мың көпқабатты үй, 115,9 мың жеке үй, 388 кәсіпорын, 43,7 мың ауылшаруашылық техникасы, 1 991 дүкен, 798 балабақша, 934 медициналық мекеме, 715 мәдени ғимарат бүлінген, қираған не басып алынған. 22 тамыздағы жағдай бойынша инфрақұрылымға тиген зиян — $113,5 млрд.

Біріккен ұлттар ұйымының балалар қоры ЮНИСЕФ-тің мамыр айындағы ақпаратына сәйкес, Шығыс Украинадағы мектептердің 17%-і бүлінген не жойылған.

Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және Қорғаныс Кеңесі жанындағы дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығының ақпартына сай, соғыс жүріп жатқан 5 айдың ішінде Ресей әскери нысандарға қарағанда азаматтық нысандарды 60 есе жиі атқылаған. Сан күйінде қарасақ, бұл әскери нысандарға жасалған 300-ге жуық соққыға азаматтық нысандарға 17,3 мың соққы деуге келеді.

Мәлемдеме: [Ресейлік әскерилер-авт.] Әскери тұтқындарға күш қолданып, өз атын былғамады.

Валентина Матвиенко

Үкім: Жалған

Жоғарыда жазғанымыздай, соғыс алаңында Халықаралық гуманитарлық құқық нормаларының жаппай бұзылуы тіркелген. Мұның ішіне әскери тұтқындардың да құқығының бұзылуы, азапталуы, жоғалуы, өлтірілуі кіреді.

Мысалы, Human Rights Watch ұйымыны жазуынша, 27 наурызда Ресей күштері Херсон аумақтық қорғаныс әскерлерінің үш әскериін ұстаған және бірнеше рет азаптаған. Олардың бірі ұрып-соғу салдарынан болған травмадан өлген, екіншісінің мүрдесі аяғына жүк байланған, қолы кісенделген күйі бухтаның түбінен табылған. Үшіншісі Ресеймен тұтқындарды алмастыру кезінде Украинаға қайтарылған.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссарының кеңсесінің ақпаратына сай, украиналық әскери тұтқындардың азапталғаны жөнінде сенімді ақпарат бар. Тұтқындар жұдырықпен, аяқпен, жуан таяқпен ұрып-соғып, тұншықтырырғанын айтқан. Одан бөлек, позициялық азаптау мен қорқытуға ұшырағанын, итпен қуғанын, жыныстық зорлық-зомбылықпен қорқытқанын хабарлаған. Кейбір тұтқынның тістері түсіп, денелері мен қолдары ісіп кеткен, бұл кейіннен ұйықтатпаған. Ресейдің гимнін айтуға не ұлттық рәміздерін үйренуге мәжбүрлеген, егер тұтқындар мұны қаламаса, азапталған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz